KZ
KZ RU
08 сәуір 2024 11:18
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Премьер-лиганың 4-ші туры: Бауыржан Исламхан ұзақ мерзімнен кейін алаңға оралды

08 сәуір 2024 11:18

Футболдан 6-7 сәуір күндері OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 4 тур ойындары өтеді.

 

4 турда қандай көрсеткіштер тіркелді?

- 27 сары қағаз көрсетілді.

- 6 ойында әзірше ең аз 9 гол соғылды.

- Фаворит саналған «Астана», «Ақтөбе», «Қайрат» ұпай жоғалтты.

- Әзірше «Қайсар» клубына ғана ұпай бұйырмай келеді.

- «Ақтөбе» футболшысы Әділхан Таңжарықов жасыл алаңдағы 92-ші ойынында Премьер-лигадағы бірінші голын соқты.

- 6 ойында 179 футболшы алаңға шықты.

 

6 сәуір

 

«Қызылжар» - «Жеңіс» 4:0 (1:0)

Голдар: Евгений Березкин, 23 минут (1:0), Зоран Нижич, 55 минут (2:0), Борис Цмилянич, 72 минут (3:0), Алексей Щебетун, 81 минут (4:0)

Әли Әлиев баптайтын «Қызылжар» клубы өз алаңында дебютант «Жеңіске» еш мүмкіндік қалдырмады. Бір маусымда 3 голдан артық соқпайтын жартылай қорғаушы Евгений Березкин 4 турда-ақ 3 гол салып үлгерді. Ал Зоран Нижич пен Алексей Щебетун Премьер-лигада тұсаукесер голдарын соқты. Бұған дейін «Қызылжар» 2022 жылы «Ордабасыны» 4:0 есебімен жеңе алған. Өкінішке қарай, «Жеңіс» кейінгі 2 ойында қарсылас қақпасына 27 соққы бағыттағанымен, қақпашының кілтін таба алмады.

 

«Елімай» - «Қайсар» 1:0 (0:0)

Гол: Шина, 80 минут (1:0)

Сүреңсіз ойын көрсетіп жүрген Виктор Кумыковтың шәкірттері алғашқы таймда «Елімайды» біраз қыспаққа алғанымен, есеп аша алмады. Барынша шыдамдылық танытқан "Елімай" екінші таймда ойын тізгінін қолдарына алып, 80-ші минутта гол соғып кетті.

 

«Қайрат» - «Жетісу» 0:0

Соғылмаған пенальти: Жоау Пауло, 24 минут («Қайрат») – қақпашы қайтарды.

Премьер-лига барысында пас беру көрсеткіші бойынша ең көп қателесетін (70% ғана дұрыс берген) «Қайрат» кезекті ойынында жеңіске жете алмады. «Жетісу» клубы үшін 3 ойында әлі де таза гол соғатын мүмкіндігі болмады. 3 ойында қақпасына 3 пенальти белгіленді. Бірақ, сәттілік жолдас болды ма, әйтеуір «Жетісу» қақпасына кейінгі 2 турда гол кірмеді. Жеке шеберліктеріне иек артқан «Қайрат» сапынан Георгий Зария 9 мәрте, Иброхимхалил Юлдошев 6 рет қарсыласын алдады, Жоау Пауло 6 рет қақпаны нысанаға алды. Дегенмен, 90 минут бойы таблодағы есеп міз бақпады. Бір қызығы, бұл Кирилл Кекер мен Қайрат Нұрдаулетов арасындағы 3-ші кездесу. Өткен жылы Қайрат Нұрдәулетов баптаған «Мақтарал» алматылықтарды өз алаңында жеңіп, сырт алаңда тең түскен болатын.

 

7 сәуір

 

«Ақтөбе» - «Атырау» 1:1 (1:0)

Голдар: Әділхан Таңжарықов, 11 минут (1:0), Николай Сигневич, 69 минут (1:1)

Батыс дербиінде өз алаңында ұпай бере бермейтін «Ақтөбе» ойын бастала салысымен, есеп ашты. 27 жаста болса да, ұлттық құрама сапына шақырту алып, Түркіменстанға қарсы 20 минут өткізген «Ақтөбе» қорғаушысы Әділхан Таңжарықов әдемі голдың авторы атанды.

Екінші таймда алаң иелері есепті ұстауға тырысса, «Атырау» есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіп кете жаздады. Қос команда бұған дейінгі 3 матчта тең тарқасып еді. Осы жолы да жеңімпазды анықтай алмады. Осылайша, Премьер-лигада 100%-дық көрсеткішпен келе жатқан клуб қалмады.

 

«Шахтер» - «Астана» 1:0 (1:0)

Гол: Роджер Каньяс, 26 минут (1:0)

Бұған дейін қарсыласқа гол сала алмай әлекке түскен «Шахтер» бас бапкерін босатқан болатын. Оның орнына келген Андрей Финонченко көпшілікті таңғалдырып, Премьер-лиганың күміс жүлдегері «Астананы» сенсациялық түрде 1:0 есебімен жеңіп кетті. Ойындағы жалғыз голды Колумбия футболшысы Роджер Каньяс керемет соқты. Бірнеше гол соғады деп күткен «Астананың» жолы болмады. Бірнеше рет шабуыл ұйымдастырғанымен, 90 минутта 1 ғана тура соққы жасай алды. Міне, осылайша елордалықтар екінші тур қатарынан сенсация авторы атанып отыр.

 

«Тұран» - «Ордабасы» 0:1

Гол: Жасур Яхшибоев, 25 минут (0:1)

Оңтүстіктің дербиі саналған ойынның алғашқы секундтарында «Ордабасы» шабуылға лап қойып, есеп аша жаздады. Ал 25 минутта ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген айып алаңынан Жасур Яхшибоевқа нәтижелі пас шығарып берді. Бұл Асхат үшін Премьер-лигадағы 3-ші нәтижелі пасы. Дегенмен, ел чемпиондары деген атағынан қаймықпаған «Тұран» бірнеше рет қауіп төндіре білді. Дегенмен, Бекхан Шайзаданың сейвтері қонақтарға есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді. Екінші таймда 2023 жылдың тамыз айында «Қайратпен» өткен матчта жарақат алған Бауыржан Исламхан капитан Асхат Тағыбергенді алмастырды.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 5-тур ойындары 20-21 сәуір күндері өтеді, ал осы аптада OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогының 1/8 финал ойындары жоспарланған. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.