KZ
KZ RU
13 сәуір 2024 10:20
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

1XBET QFL Бірінші лигасының 2-ші туры: «Каспий» көш басына шықты

13 сәуір 2024 10:20

10-12 сәуір күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 2 тур ойындары өтті. Бұл турда Екінші лигадан бірінші мәрте көтерілген SD Family мен «Жетісай» командалары өз жанкүйерлері алдында алғашқы жеңістерін тіркеді.

 

Енді Бірінші лигадағы SD Family мен «Тараз» командасы жексенбі күні OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Атырау» мен ел чемпиондары «Ордабасыға» қарсы ойын өткізеді.

 

2-ші турда қандай көрсеткіштер тіркелді?

- 35 cары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды.

- 16 гол соғылды.

- 1 автогол тіркелді.

- Әзірше «Арыс» клубы ғана гол соқпады.

- «Жетісай» мен «Ұлытау» командалары өз алаңдарында турнирдегі алғашқы ойындарын өткізді.

 

10 cәуір

 

SD Family – «Қайсар-Жас» 3:0

Голдар: Байжан Мәделхан, 43 минут (1:0), Айдос Құмаров, 76 минут (2:0), Бағдат Данияров, 88 минут (3:0)

Жаңа стадиондағы бірінші ойынында есе жіберген SD Family осы жолы барын салды. Олар кезекті рет Екінші лигадан келген «Қайсар-Жас» ұжымымен кездесіп, сенімді түрде ұтты. 2021-2022 жылдары Ресейде құрылған эксперименттік «Қайрат-Москва» клубында 30 ойын өткізіп, 5 мәрте қанжығасын майлаған Байжан Мәделхан алғашқы таймда есеп ашты. Екінші таймда 2023 жылы «Қызылжар» сапында Премьер-лигада 2 рет алаңға шыққан Айдос Құмаров есепті еселесе, соңғы минуттарда 20 жастағы Бағдат Қайыров ойын нүктесін қойды.

 

«Жетісай» «Оқжетпес» 2:0

Голдар: Ернар Қоспаев, 28 минут (1:0), Ернар Қоспаев, 77 минут (2:0)

17 жастағы Ернар Қоспаев «Жетісай» клубының басты қаһарманы атанды. 1XBET QFL Бірінші лигасына шыққан команда өз жерінде Премьер-лигадан келген «Оқжетпесті» қабылдап, жанкүйерлердің жалынды қолдауының арқасында жеңіске жетті.

 

«Қайрат-Жастар» – «Тараз» 0:1

Гол: Нұрдәулет Байбосынов, 7 минут (1:0)

«Қайрат-Жастар» екінші рет қатарынан ойынды өз алаңында өткізді. Бірінші турда бірнеше шабуыл ұйымдастырып, пенальтимен ғана гол соққан болатын. Міне, сол көрініс екінші турда да өз әсерін тигізді. Қонақтар Тараздағы ащы жеңілістен соң, жеңіске жетуге қатты тырысты. Әсіресе Диас Орынбасар бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде 19 жасқа дейін Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Нұрдәулет Байбосынов жылдам гол соғып, лайықты 3 ұпайларын алды.

 

11 сәуір

 

«Ақтөбе-Ж» - «Түркістан» 1:1

Голдар: Рүстем Габдрахманов, 57 минут (1:0), Әлімжан Сағынтаев (автогол), 82 минут (1:1)

Ақтөбедегі кездесу шабуылға қарық болды деп айта алмаймыз. 2 гол да бұрыштамадан соғылды. Жалпы матчта 2 ғана дәл соққы бағытталды. Нәтижесінде алаң иелері турнирде бірінші ұпайларын алды.

 

«Арыс» – «Хан-Тәңірі» 0:0

«Жетісу» клубында ең көп ойын өткізген Андрей Пасеченко биылғы маусымда «Хан-Тәңірінің» намысын қорғап жатыр. Жақсы қақпашы – жарты команда деп бекер айтпаған. Бүгінгі матчта соның айқын дәлелі ретінде Андрейді айтуға болады. Ол бірінші таймда пенальтиді дәл болжап, командасын сақтап қалды. Екінші таймда «Хан-Тәңірі» гол соғуға тырысқанымен, еш нәтиже шықпады. Есеп: 0:0

 

12 сәуір

 

«Каспий» - «Алтай» 4:1

Голдар: Арман Нүсіп, 2 минут (1:0), Арман Нүсіп, 17 минут (2:0), Әлішер Рахымжанов, 40 минут (2:1), Санат Жұмаханов, 57 минут (3:1), Санат Жұмаханов, 88 минут (4:1)

Алаңнан қуылғандар: Әмірали Оразбек, 28 минут («Алтай»), Матвей Ковалев, 47 минут («Алтай»)

Өз алаңындағы ойындарын Жаңаөзен қаласында ұйымдастыруға шешім қабылдаған «Каспий» кезекті мәрте ұпайдан шашау шығармады. Дегенмен, қонақтар сапынан 2 футболшының алаңнан қуылуы да ойын тағдырын ерте бастан-ақ айқындап қойды. Осы орайда екінші таймда алаңға шыққан Санат Жұмаханов дубль авторы атанды. Бұл ойыншы бірінші турда да «Арыс» қақпасын дәл көздеген болатын. Маңғыстаулық команда «Алтайды» жеңіп, 6 ұпаймен 1XBET QFL Бірінші лигасының турнирлік кестесінде көш басына шықты.

 

«Ұлытау» - «Ақжайық» 1:2

Голдар: Роман Чирков, 55 минут (0:1), Бауыржан Тұрысбек, 69 минут (1:1), Тимур Реджепов, 81 минут (1:2)

Өз алаңында бірінші ойынын өткізген «Ұлытау» клубы бірінші таймда шабуылды үдетіп, 11 соққы жасағанымен, есепті аша алмады. Осы орайда «сен соқпасаң, саған соғады» деген футбол қағидасы жүзеге асып, қонақтар небары 4 соққы жұмсаса да, 2 голмен 3 ұпайды алып кетті.

 

Айта кетейік, «Екібастұз» - «Қыран» арасындағы ойын қонақтардың келмеуіне байланысты өтпеді. Бұл оқиға бойынша қосымша ақпарат кейінірек беріледі. 1XBET QFL Бірінші лигасының келесі туры 18-19 сәуір күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.