KZ
KZ RU
29 сәуір 2024 18:08
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Құрамды міндетті түрде күшейтеміз - Дмитрий Парфенов

29 сәуір 2024 18:08

Спорт сарапшыларының ойынша, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымында чемпион атанатын клубтардың қатарына «Ақтөбе» ФК кіреді. 6 турдың қорытындысы бойынша, «ақ-қызылдар» 10 ұпаймен көш басында келеді. Тіпті олар қарсыластарынан қарағанда 1 ойын кем өткізген. Сондай-ақ ақтөбеліктер осы маусымда Конференция Лигасының іріктеу кезеңі, OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогы мен 1ХВЕТ QFL Лига Кубогында өнер көрсетеді. Алдағы турда команда бірінші рет өз үйіндегі матчын Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда қабылдайды. Осы орайда клубтың бас бапкері Дмитрий Парфенов QFL.KZ  сайтына команданың қазіргі хал-ахуалына тоқталды.


- Дмитрий Владимирович, «Ақтобе» OLIMPBET QFL Премьер-лигасын сәтті бастады. Дәл қазіргі сәтте команда көшбасшылардың қатарында келе жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл немен байланысты?

- Біз талап еткеннің барлығын команда тыңдап, орындауға тырысады. Дегенмен, әлі көп жұмыс күтіп тұр. Еркінсіп кетуге болмайды. Тартыстың барлығы алда. Бұны ұдайы футболшыларыма айтып отырамын. Әр ойыншы әлі де болсын өз шамасын арттыра береді деп сенемін.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 6 туры артта қалса да, чемпион болатын команданы нақты айту қиын. Көпшілігі үміткер ретінде «Тобыл», «Ақтөбе», «Елімайды» айтып жатады. Осы орайда сізге артылған қысым үлкен емес пе? Өзіңіз білетіндей, «ақ-қызылдардан» тек қана жеңісті талап етеді?

- Біріншіден, «Астана», «Ордабасы», «Тобыл»,«Қызылжар» және «Қайрат» командалары да әр ұпайға таласатын болады. Бұл бәсекелестік турнирдің соңына дейін жалғасатынына күмәнім жоқ. Қысымға келсе, ол барлық жерде бар. Бұл менің мамандығым. Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ. Бапкер штабы мен команда әрдайым еңбек етуі керек. Ал бұл біреуге ұнайды, біреуге ұнамауы мүмкін.


- Маусымға қандай мақсат қойдыңыздар? Премьер-лигада әлде Кубокта чемпион атану ма? Әлде Конференция Лигасының топтық кезеңінде ойнау ма? Биылғы жылы жаңа Лига Кубогы турнирі қосылғандығын ескерсек, сіздердің барлық турнирде ойнауға күштеріңіз жете ме?

- Әрине, күштің жеткенін қалаймыз. Алдағы уақытта тағы да ойыншылар қатарын толықтырамыз. Бұл сөзсіз. Себебі, турнирлер көп. Дегенмен, әр футболшының Премьер-лигада шамамен ойын минуттары шамалас болады деп үміттенемін. Бұл жерде қандай турнир болмасын, әр матчқа соңғы рет шығып жатқандай әсерде болу керек. Турнирлерде әр ойыннан келесі матчқа өте берсек дейміз. Мен жоғарыда айтқан команданың бапкерлері немесе футболшылары («Астана», «Ордабасы», «Тобыл», «Қызылжар» және «Қайрат») өздерін максимальды түрде көрсеткісі келетінін айтатынына сенімдімін. Сол себепті, барлық жерде лайықты ойнасақ дейміз.


- Бұған дейін сіз «Ақтөбе» ұжымы батыл болып, өздеріне сенімді түрде ойнауын қалап едіңіз. Сырт алаңда басты бәсекелестеріңіздің бірі «Қайратты» жеңген соң, бұл ойыңыз іске асты деп ойлайсыз ба?

- Біріншіден, уақыт қажет. Команда  70%-қа өзгерген. Осындай матчтар арқылы ұжым және команда жасақталады. Батыл бола түседі, сенімділіктері артады. Бұл барлық команда, штаб, басшылық үшін қажырлы әрі нәтижелі еңбек. Барлығы бір жүйе болу керек. Бұл құрылымға да қатысты. Ал жеңіске келсек, сенімді болды. Бірақ матч оңай соқпады. Жігіттер жарады. Біз талап еткен дүниені футболшылар ерекше құлшыныспен орындады.


- «Қайрат» - «Ақтөбе» кездесуінде жанкүйерлердің саны бойынша жаңа рекорд орнатылды. Жалпы, қазақ аудиториясының футболға деген қызығушылығы артып жатқанын байқау қиын емес. Матчтардың сапасы жақсы жақсарды, көрермендер ақпаратқа қанық болып жатыр. Сіздің пікіріңізше, Қазақстандағы футбол дамуы үшін тағы не істеген жөн?

- Көптеген факторлар бар. Бұл сұраққа менің жауап бергенім дұрыс та емес шығар. Біріншіден, Ресейден де Қазақстан футболын бақылап отыратындар бар. Сондықтан,  әр турнир, Премьер-лига, кубокты жақсы жарнамалап, көңіл бөліп, сапалы өнім болғанын қалаймын. Өйткені посткеңестік елдер тарапынан чемпионатқа деген қызығушылық бар.


- Қазақстанға келгеніңізге жарты жыл болды. Ақтөбе қаласындағы өміріңіз қалай өтіп жатыр? Сіздің алғашқы әсеріңіз және клуб қалай қарсы алды?

- Барлығы жақсы. Шындығын айтқанда, бізде күнде жаттығу, ойын, ұшу, жол. Бұл менің мамандығым болған соң, тез бейімделесің. Басты акцентті команда, ойыншыларға беремін. Қандай әсер алдым? Бастапқыда ауа райы оңайға соқпады. Бірақ тек бұл жерде ғана емес. Қандай мәселе бар? Ешқандай. 40 жыл жолда жүрмін. Кез келген жерге тез бейімделе беремін. Ақтөбеде жанкүйерлердің бақылауы өте жоғары және олар клубқа бей-жай қарамайды. Сондықтан клубқа деген махаббат бар және тұрғындар командаға шынайы жаны ашитыны қуантады.