KZ
KZ RU
22 сәуір 2024 09:29
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Премьер-лиганың 5-ші туры: «Ақтөбе» Алматыда 9 жылдан кейін жеңіс тойлады

22 сәуір 2024 09:29

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті туры өте тартысты өтіп, жанкүйерлердің жалынды қолдауы мен 9 жылдан кейінгі «Ақтөбенің» сырт алаңдағы жеңісіне куә болдық.

 

Қандай жайттар тіркелді?

— 6 ойында 14 гол соғылды.

— 35 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

— «Ақтөбе» 9 жылдан кейін сырт алаңда «Қайратты» жеңе алды. Бұған дейін олар 12 рет қатарынан есе жіберген еді.

— «Жеңіс» сырт алаңда және қонақта 2 жеңіске жетті. Бірақ қос жеңіс те Қарағандының «Шахтер» стадионында тіркелді.

— «Атырау» OLIMPBET QFL Премьер-лигада бірінші рет есеп ашты. Бірақ әлі жеңіске жете алмай келеді.

— «Қызылжар» капитаны Евгений Березкин 4 гол соғып үлгерді. Футболшы бұған дейін бір маусымда 3 голдан артық соқпаған.

— «Қызылжар» командасы соңғы рет Шымкент қаласында сонау 2006 жылы тең ойнаған

— «Астананың» үздік ойыншыларының бірі — Марин Томасов осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы алғашқы және елордалықтардың сапында 100-ші голын соқты.

 

«Жеңіс» - «Тұран» - 1:0

Гол: Денис Гречихо, 24 минут (1:0)

Ойын басталмай тұрып, қонақтар фаворит саналды. Неге? Біріншіден, «Тұран» қорғанысы мығым. Екіншіден, алдыңғы шепте Леонардо Вака, Бен Чуг секілді жылдам футболшылары бар. Ал «Жеңіс» клубы қорғаныста көп қателік жібереді.

Бірақ бұл ойын мүлдем өзгеше болды. «Жеңіс» қорғанысқа көңіл бөліп, «Тұран» шабуылға шықты. Тіпті Бен Чуг есеп ашқанымен, ойыннан тыс қалды деп, гол есепке алынбады.

38-ші минутта Денис Гречихоның айып алаңының сыртынан тепкен добы голға айналды. Нәтижесінде Денис OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы дебютті голын соқты. Бұл бірінші таймдағы жалғыз тура соққы еді. Қалған уақытта есеп өзгермеді. Есеп: 1:0

 

«Қайсар» - «Атырау» - 1:1

Голдар: Педро Эуженио, 53 минут (0:1), Валерий Громыко, 73 минут (1:1)

Алаңнан қуылған: Игорь Стасевич («Атырау»)

Жеңіске жетпесе, жағдай ушығатынын білетін Виктор Кумыков өз шәкірттерін жеңіс үшін ойнауға тапсырма берді. Алғашқы таймда шабуылға лап қойғанымен, алаң иелері қорғанысты ұмыт қалдырды. Нәтижесінде Педро Эуженио есеп ашып кетті. Қорғаныста өте сауатты ойнайтын «Атырау» жеңісті қолдан жібермейді деп ойладық. Бірақ «БАТЭ» сапында жасындай жарқылдаған Валерий Громыконың алыстан бағыттаған керемет соққысы «Қайсарды» жеңілістен сақтап қалды. Бұл осы турдағы ең үздік гол екендігі сөзсіз. Есеп: 1:1.

 

«Ордабасы» - «Қызылжар» - 1:1

Голдар: Евгений Березкин, 45+3 минут (0:1), Сергей Малый, 52 минут (1:1)

Стандарттарда шебер ойнайтын клубтардың голдары бұрыштамадан соғылды. Екінші таймда капитан Асхат Тағыбергенның сұрапыл соққысы қақпаның маңдайшасынан қайтты. Ал «Қызылжардың» голы есепке алынбады. Петропавл ұжымдарының бұл маусымда саналмаған екінші голы. Жалпы матчта қонақтардың жеңіске жету мүмкіндігі басымырақ болды.

 

«Қайрат» - «Ақтөбе» - 1:3

Голдар: Әлібек Қасым, 40 минутта пенальти (0:1), Максим Самородов, 68 минут (0:2), Максим Самородов, 90+2 минут (0:3), Вячеслав Швырев, 90+6 минут (1:3)

Осы турдың басты ойындардың бірі — «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасында өтті. Өкінішке қарай, бұл матчта «Қайраттың» түлегі Рамазан Оразов өз клубына қарсы доп тебе алмады. Дегенмен, ұлттық құраманың футболшысы алаңға шықпаса да, қонақтар 3 ұпайды алып кетті. Алғашқы қауіпті алаң иелері туындатқанымен, есепті бірінші таймның соңында «Қайраттың» түлегі Әлібек Қасым пенальтиден есеп ашты.

Екінші таймда қонақтар қарымта шабуылға ден қойып, Максим Самородов дубль авторы атанды. «Қайрат» соңғы секундта ғана есепті қысқарта алды. Есеп: 3:1

Сонымен қатар, «Ақтөбенің» осы маусымда қорғаныста жақсы ойнайтынын да айтпай кету мүмкін емес.

Бұған дейін «Ақтөбе» 2015 жылдан бері Алматы төрінде 12 ойын қатарынан есе жіберген болатын.

 

«Астана» - «Тобыл» - 2:2

Голдар: Алиун Ндиайе, 13 минут (0:1), Марин Томасов, 27 минут (1:1), Давид Энен, 78 минут (1:2), Станислав Басманов, 90+3 минут (2:2)

Алғашқы минуттан-ақ матч өте тартысты басталды. Нәтижесінде қонақтар сапынан Ндиайе жылдам есеп ашты. Ал 27-ші минутта Марин Томасов «Астана» сапындағы 100-ші голын соғып, есепті теңестірді.

Екінші таймда алаң иелері алға ұмтылғанымен, тағы да қонақтар гол салып кетті. 3-ші мәрте қатарынан жеңіліске жақын болғанымен, осы жолы Станислав Басманов «Астананы» құтқарып қалды. Ал соңғы минутта Руслан Валиуллин алыстан әдемі гол соққанымен, VAR жүйесі есепке алмады. Есеп: 2:2

Осылайша, «Тобыл» сырт алаңда мықтыларға есе жібермей, жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді.

 

«Жетісу» - «Шахтер» - 1:0

Гол: Серікжан Мужиков, 45+3 минутта пенальти (1:0)

«Жетісу» осы маусымда бірінші рет матчын Талдықорғанда өткізді. Жергілікті жанкүйерлер де футболды сағынғаны білініп, өз командаларын алға жетелеумен болды. Нәтижесінде бұған дейінгі 3 ойында қарсыласқа 6 тура соққы бағыттаған «Жетісу» енді өз алаңындағы 1 матчта 7 рет қақпаны тура көздеді. Дегенмен, кездесудегі жалғыз голды капитан Серікжан Мужиков пенальтимен соқты. Жалпы, «Жетісудің» маусымдағы 2 гол да Серікжан Мужиковқа тиесілі.


Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 6-тур ойындары 27-28 сәуір күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.