KZ
KZ RU
25 сәуір 2024 15:30
ЕКІНШІ ЛИГА

3-ші тур: қарағандылық Шыңғыс Флюк покер авторы атанды

25 сәуір 2024 15:30

23-24 сәуір күндері QFL Екінші лигасының 3-ші туры аясында бірнеше ірі жеңістер мен «Таластың» бірінші голын, «Іле-Алатаудың» бірінші жеңісін тамашаладық.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 11 ойында 35 гол соғылды;

- 55 сары қағаз көрсетіліп, 4 футболшы алаңнан қуылды;

- «Ақсу» - «Шахтер Ж» ойынында 8 сары қағаз көрсетіліп, 3 футболшы алаңнан қуылды;

- 3-ші турда ескерту алмаған жалғыз клуб – «Ертіс». Бұл клуб чемпионат басталғалы бері 2 ғана сары қағазбен жазаланды;

- «Жетісу Ж» 3 тур бойынша қарсылас қақпасына 6 дәл соққы бағыттап, 4 гол соқты;

- «Шахтер Ж» шабуылшысы Шыңғыс Флюк покер авторы атанып, 3 тур қорытындысы бойынша 9 гол соғып үлгерді;

- «Мақтаарал» мен «Тараз Ж» 3 тур бойы өз қақпасына гол жібермей келеді;

- «Талас» турнирдергі алғашқы голын соқты;

- «Шахтер Ж» ең көп 15 гол соқса, «Тұран Ж» ең көп 14 гол жіберді.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

«Жетісу Ж» - «Алтай Ж» - 2:1

Голдар: Шыңғыс Әнуарбек, 30 минут (1:0), Мәди Күмісбек, 58 минут (2:0), Әнуар Аманжанов, 76 минут (2:1)

3 турдың көрсеткіші бойынша, «Жетісу Ж» былтырғы нәтижесінен асып түсті. Яғни, 2023 жылы 1 жеңіске қана қол жеткізсе, биыл 2-ші мәрте қарсыласын тізе бүктірді. Талдықорғанның жастарына 3 ұпайды сыйлаған Шыңғыс Әнуарбекті ерекше атап өткен жөн. Оның голы «Ақсуға» қарсы мачта жеңіс әперген еді. Осы жолы шабуылшы қанжығасын майлады. Екінші таймда Мәди Күмісбектің 25 метрдей қашықтықтан салған голы «Жетісу Ж» клубының жеңісін нығайтты. Қонақтар 76-шы минутта есепті қысқартқанымен, алаң иелерінің қорғанысы қалған уақытта сыр бермеді. Есеп: 2:1.

 

«Қызылжар Ж» - SD Family Ж - 2:2

Голдар: Жантөре Молдабаев, 14 минут (1:0), Мейіржан Құрманов, 22 минут (1:1), Роман Гамазин, 58 минут (2:1), Тимур Қуантаев, 59 минут (2:2)

Петропавл мен Астана қалаларының командалары арасындағы ойын өте тартысты өтіп, SD Family жастары 3 тур қатарынан жеңілмей келеді. Дебютант үшін бұл өте жақсы нәтиже деуге болады.

 

«Оқжетпес Ж» - «Тобыл Ж» - 0:2

Голдар: Валерий Усиневич, 7 минут (0:1), Нұрислам Нұргелдинов, 59 минут (0:2)

Алғашқы турдан кейінгі ірі жеңілістен соң, «Тобыл Ж» қатарынан 2 мәрте жеңіске жетті. Бұл жолы да олар турнир соңындағы «Оқжетпес Ж» командасымен кездесіп, ойын барысын толыққанды бақылауға алғанның нәтижесінде заңды 3 ұпайларын алды. Ал алаң иелері әзірше 3 тур бойы гол соқпағанымен, бірінші рет қарсылас қақпасына 1 мәрте дәл соққы бағыттай алды.

 

«Ақсу» - «Шахтер Ж» - 1:5

Голдар: Руслан Тұтқышев, 3 минут (0:1), Шыңғыс Флюк, 14 минут (0:2), Шыңғыс Флюк, 58 минут (0:3), Шыңғыс Флюк, 60 минут (0:4), Владислав Богданов, 75 минут (1:4), Шыңғыс Флюк, 79 минут (1:5)

Алаңнан қуылғандар: Әлихан Ынтықбаев («Ақсу»), 64 минут, Даниял Таханов («Шахтер Ж»), 64 минут, Муслим Закария («Шахтер Ж»), 87 минут

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы аясындағы ең тартысты матч ретінде күтілгенімен, қонақтар ә дегеннен жылдам гол соқты. Жалпы ойын тағдыры тура 1 сағатта шешіліп тасталды. Алаң иелері 75 минутта қорғаушының қателігі арқасында ғана 1 гол соққанымен, жалпы ойын барысында лайықты деңгейде қарсылас алмады. 3 тур қатарынан «Шахтер Ж» сапынан Шыңғыс Флюкке тосқауыл болатын қорғаушы мен қақпашы табылмай тұр. Ол 3 турдың қорытындысы бойынша 9 гол соғып үлгерді. Бұл футболшы OLIMPBET QFL Премьер-лига аясында «Ордабасы» (45 минут) және «Жетісуге» қарсы 32 минут доп теуіп үлгерді.

 

«Астана Ж» - «Елімай Ж» - 3:0

Голдар: Тимур Төкенов, 43 минут (1:0), Батыржан Мұстафин, 58 минут (2:0), Арман Варданян, 90+3 минут (3:0)

Соғылмаған пенальти: Дамир Елубаев («Астана Ж»)

Ойын Астана қаласының маңында өткенімен, «Елімай Ж» командасы жылдам гол соғуға ұмтылды. Алдымен айып алаңының ішінен бағытталған соққыны «Астана Ж» қақпашысы әдемі қайтарса, екінші сәтте доп қақпаға сәл жетпей қалды. Сен соқпасаң, саған соғады дегендей, «Астана Ж» командасы жауап ретінде стандарттан 2 гол соқты. Ал соңғы минуттарда Арман Варданян шірене тепкен добымен ойын нүктесін қойды. Есеп: 3:0

 

«Жеңіс Ж» - «Ертіс» - 0:5

Голдар: Изат Құлжанов, 16 минут (0:1), Арман Смаилов, 27 минут (0:2), Арман Смаилов, 42 минут (0:3), Әмір Муралинов, 49 минут (0:4), Әмір Муралинов, 50 минут (0:5)

Алаңнан қуылған: Мәди Измаилов («Жеңіс Ж»), 84 минут

«Солтүстік-Шығыс» конференциясының басты фавориті – «Ертіс» өткен турда дәл осы Sydykbek Arena-да сенсациялық жеңіске ұшыраған еді. Осы жолы павлодарлық клуб өткен қателікті қайталамады. Бір ойында рекордтық 42 соққы бағыттап, нәтижесінде 5:0 есебімен жеңіске жетті.

 

«Оңтүстік-Батыс» Конференциясы

 

«Ордабасы Ж» - KazAST - 1:0

Гол: Агман Тамалов, 52 минут (1:0)

Соғылмаған пенальти: Дәулет Мұратов, 28 минут (KazAST)

Қазақ спорт және туризм академиясының шәкірттері бірінші таймда бірнеше сәтті шабуыл ұйымдастырғанымен, нәтижелі болмады. Тіпті 28 минутта қонақтар сапынан Дәулет Мұратов пенальти орындағанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Екінші таймда алаң иелері өздеріндегі мүмкіндіктті сәтте пайдаланып, жеңіс голын соқты. Осылайша, «Ордабасы Ж» 3 тур бойы Алматының клубтарымен шеберлік байқасып, 1 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс нәтижесін тіркеді.

 

«Оңтүстік» - «Мақтаарал» - 0:1

Гол: Мақсат Иманали, 90+2 минут (0:1)

«Оңтүстік-Батыс» конференциясындағы ең тартысты ойынында «Оңтүстік» футболшылары бар шеберліктерін салып, дәл соққылар бағыттағанымен, гол соға алмады. Тіпті екінші таймның соңында жеңіс добын соғуға ұмтылғанымен, қарсыласқа қарымта шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қойды. Салдарынан «Мақтаарал» футболшысы Мақсат Иманали қақпашымен бірге-бір шығып, қосымша уақытта командасына жеңіс сыйлады. «Мақтаарал» 3 тур бойы өз қақпасына гол жібермей келеді.

 

«Талас» - «Қайсар-Шиелі» - 1:1

Голдар: Сұлтан Мықтыбаев, 18 минутта пенальти (0:1), Жолбарыс Шалтенов, 78 минут (1:1)

Деңгейлес дебютанттардың ойыны өте тартысты өтті. Алғашқы голды «Қайсар-Шиелі» соққанымен, алаң иелері батыл түрде алға ұмтылды. Қайта-қайта қонақтар қақпасына қауіп төндіргенімен, бірінші таймда қақпа кілтін таба алмады. Екінші таймда да ойын үрдісі осылай өрбіген. Бірақ 78 минутта Жолбарыс Шалтенов күтпеген жерден алыстан соққы бағыттап, есепті теңестіріп кетті. Жалпы «Талас» 3 тур бойынша алғашқы голын соғуы үшін, 34 мәрте соққы жасауына тура келді. Қалған уақытта қос команда да жеңіске ұмтылғанымен, есеп өзгермеді.

 

«Тұран Ж» - «Тараз Ж» - 0:5

Голдар: Қанағат Айдархан, 11 минут (0:1), Дәурен Нұрмаханов, 16 минут (0:2), Дониёр Салахотдинов, 48 минут (0:3), Мерей Жамбыл, 72 минут (0:4), Абзал Баймолда, 81 минут (0:5)

Түркістан жастары екінші ойын қатарынан ірі жеңіліске ұшырады. Алдымен Қанағат Айдарханның алыстан тепкен добы қорғаушыға тиіп, бағытын өзгертті. Артынша Дәурен Нұрмаханов 25 метрдей қашықтықтан соққысы голға айналды. Екінші таймда да «Тараз Ж» қорғаушылардың қателіктерін ұтымды пайдаланып, ірі жеңісті тойлады.

 

AKAS – «Іле-Алатау» - 1:2

Голдар: Супьян Масудов, 59 минут (0:1), Сергей Гридин, 70 минут (1:1), Супьян Масудов, 87 минут (1:2)

Бұл матчта күтпеген есеп тіркелді. Сергей Гридин бастаған AKAS бұған дейін мықты клубтарынан ұпай алып келе жатыр еді. Осы жолы өз алаңында «Іле-Алатауына» жол берді. Ойын барысында да «Іле-Алатау» ұжымы өткір-өткір шабуылдарымен ерекшеленді. Әсіресе, 18 жастағы Супьян Масудовтың 2 голы «Іле-Алатауына» маусымдағы бірінші жеңісін сыйлады.

 

Айта кетейік, осы турдағы «Атырау Ж» - «Жас Қыран» ойыны Атырау қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режиміне байланысты кейінге шегерілген еді.

 

QFL Екінші лиганың 4 тур ойындары 30 сәуір - 1 мамыр күндері өтеді. Матчтарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.