KZ
KZ RU
15 сәуір 2024 16:11

Күшіміз бірлікте: QFL клубтары су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетті

15 сәуір 2024 16:11

QFL-дің футбол клубтары республикалық деңгейдегі «Күшіміз бірлікте» акциясын қолдады. Ойыншылар мен қызметкерлер еліміздің қиын кезеңінде тыс қалмай, Қазақстанның бірнеше өңіріндегі су тасқынымен күресуде аянып қалмады. Аймақтардағы жағдайға бей-жай қарамаған футболшылар халықты бірлікке шақырды.


Акция аясында «Ақтөбе» клубының әкімшілігі OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 3-ші турында «Жеңіске» қарсы ойнап, сатылымнан түскен қаражатты су тасқынынан зардап шеккендерге аударды. Бұл бастаманы «Қайрат» та қолдады. Олар OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Тұранмен» кездесіп, матчты тамашалауға жиналған 5 748 жанкүйер билетінің ақшасын игі іске жұмсады.


«Қайрат» клубының қызметкерлері бір күндік жалақыларын су тасқынынан зардап шеккендердің қорына аударды. «Ордабасы» мен «Хан-Тәңірі» командалары да көмек қолын созды. Шымкенттік ұжым жалпы су тасқынынан зардап шеккендерге ақша аударса, алматылық клубтың қызметкерлері жалақыларының бір бөлігін аударды.


Ал төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі футбол клубтары су тасқынының салдарын жоюға атсалысудан құр қалмады. «Атырау» мен «Ақжайық» су тасқынына қарсы іс-шараларына қатысса, ұлттық құрама ойыншылары Ақмола облысындағы Атбасар қаласына табан тіреп, тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетті.


Айта кетейік, бұған дейін «Күшіміз бірлікте» акциясын қолдау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы, Qazaqstan Football League мен Қазақстан футзал ассоциациясының қызметкерлері бір күндік жалақыларын «Демеу Қазақстан қорына» аударған еді. Сондай-ақ, QFL турнирлерінің матчтарында клубтар арнайы «Күшіміз бірлікте» жазуы бар жейдемен алаңға шықты. Футбол қауымдастығы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарымен бірге және жақын арада үйлеріне қайта оралуын тілейді.