KZ
KZ RU
31 наурыз 2024 22:25
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Күш – бірлікте: OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті турындағы 3 жайт

31 наурыз 2024 22:25

Бүгін біршама үзілістен соң, қайта жанданған OLIMPBET QFL Премьер-лигасының үшінші туры да өз мәресіне жетті.


3 тур барысындағы ерекше оқиғалар:

- «Ақтөбе» - «Жеңіс» ойынында футболшылар су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау мақсатында арнайы «Күшіміз - бірлікте» атты жейдесімен шықты. Сондай-ақ «Ақтөбе» клубы «Жеңіске» қарсы өткен матчта билеттен түскен қаражатты облыстағы төтенше жағдайдан жапа шеккендерге аудару туралы шешім қабылдады.

- «Ордабасы» - «Қайрат» кездесуі белгілі спорт комментаторы, жақында өмірден өткен Рабат Жәнібековты 1 минуттық еске алумен басталды.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының осы турынан бастап, әр клубтың тактикалық схемасын көрсету мүмкіндігі іске қосылды.


«Шахтер» - «Тұран» 0:2 (0:2)

Голдар: Леонардо Вака, 7 минут (0:1), Бранислав Сулка, 39 минут (0:2)

3 турдың ойыны Қарағанды қаласында басталды. Бұған дейін гол соға алмаған ұжымдардың матчы тартысты өтті деуге болады. Есепті 2019 жылы Америка кубогында Боливия елінің намысын қорғаған Леонардо Вака қақпашыны алдап өтіп, есеп ашты. Ал бірінші таймның соңында сол қапталдағы қорғаушы Бранислав Сулка есепті еселеді. Бір қызығы, бұл футболшының кейінгі 4 жылда соққан үшінші ғана голы. «Шахтерда» да бірнеше гол соғатын мүмкіндіктер болды. Бірақ пайдалана алмады.

Жалпы 3 турдың қорытындысы бойынша, «Шахтер» клубы қарсыластар қақпасына 14 тура соққы бағыттағанымен, гол соқпаған жалғыз команда ретінде тіркеліп тұр.

«Шахтер» өз қақпасына кірген 8 голдың алтауын бірінші таймда жіберді.


«Атырау» - «Жетісу» 0:1 (0:0)

Гол: Серікжан Мужиков, 73 минут (0:1)

Премьер-лига барысында таңғалдырып жатқан клубтың бірі – «Жетісу». Өткен турда «Астанамен» жарқын ойын өткізіп, сәл ғана сәттілік жетіспеп еді. Осы жолы олар сырт алаңда «Атырауды» жеңіп кетті. Матч тағдырын 11 жылдан кейін «Жетісуге» оралған капитан Серікжан Мужиковтың бұрыштамадан тікелей бағыттаған соққысы шешіп кетті. Айта кететіні, бұл 90 минутта қақпаға жасалған 1 ғана тура соққы.

Алаң иелері пенальти тебуге мүмкіндік алғанымен, 38 жастағы тәжірибелі Игорь Стасевич мүлт кетті.

«Жетісу» клубы 2 ойында қарсылас қақпасын 4 рет қана дәл көздеп, Премьер-лигадағы алғашқы голдарын салды.

Соғылмаған пенальти: Игорь Стасевич, 79 минут («Атырау») – қақпадан биік тепті.

«Ақтөбе» - «Жеңіс» 3:0 (2:0)

Голдар: Максим Самородов, 13 минутта пенальти (1:0), Идрис Умаев, 16 минут (2:0), Дорни Ромеров, 48 минут (3:0)

Алаңнан қуылды: Матео Барач, 74 минут («Ақтөбе»)

Бұл ойында 21 жастағы сұрмерген Максим Самородов жасыл алаңдағы 100-ші ойынын өткізді. Өткізіп қана қоймай, пенальтимен гол соқты. Өкінішке қарай, Максим жарақат салдарынан 43-ші минутта алаңнан кетуге мәжбүр болды.

Жалпы, матч тағдыры бастапқы 16 минутта-ақ шешілді. Қазақстан азаматтығын алуға талпынып жүрген Ислам Умаев осы жолы да гол соқты. Қалған уақытта «Ақтөбе» клубы қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылға иек артты. Нәтижесінде «Жеңіс» 90 минутта алаң иелеріне 12 соққы бағыттағанымен, Игорь Шацкийдің қақпасынан саңылау таба алмады. Ал «Ақтөбе» сапында екінші таймда дебют жасаған Доминикан Республикасының шабуылшысы Дорни Ромеро 48-ші минутта алыстан допты шірене тартып, керемет голдың авторы атанды. Бұл футболшы өткен маусымда Боливияның «Олвейз Рэди» клубында доп теуіп, 25 голмен «үздік сұрмерген» атағын жеңіп алған.

Сонымен қатар, «Ақтөбеде» дебюттік кездесуін өткізген қорғаушы Матео Барач алаңнан қуылды.


«Қызылжар» - «Тобыл» 0:0

2 тур бойынша қарсыластар қақпасына 6 гол соққан «Тобыл» мен 4 гол салған «Қызылжардың» теке-тіресінде есеп ашылмады. Жалпы, «Қызылжар» өткен маусымда өз алаңындағы 13 ойында 8 ғана гол жіберген. Сондықтан, Қазақстан Суперкубогының иегері «Тобылға» гол соғу тұрмақ, қарсылас қақпасына дәл соққы жасау қиын болды. Дегенмен, қонақтардан соңғы минутта Жаслан Жұмашев мүлт кетсе, Ислам Чесноковтың добын қақпашы қайтара білді.


«Астана» - «Елімай» 0:1 (0:0)

Гол: Роман Мұртазаев, 89 минут (0:1)

Алаңнан қуылды: Алекса Аманович, 58 минут («Астана»)

Басты сенсация Премьер-лиганың күміс жүлдегері «Астана» мен дебютант «Елімайдың» матчында тіркелді. Әйтсе де, Андрей Карповичтың «Астанаға» қарсы ойында 5-ші мәрте қатарынан жеңгенін де естен шығармаған жөн. Бұған дейін ол «Қызылжар», «Ақтөбе» сапында басым түссе, енді «Елімаймен» бірінші жеңісін тойлады.

Матчта «Астана» клубының футболшысы Усман Камараның тепкен добы 2 мәрте қарсылас қақпасының маңдайшасынан қайтса, Грекия чемпионатынан келген Карлитос қақпашымен бірге-бір қалып, оңтайлы мүмкіндікті қолдана алмады.

Екінші таймда «Елімайдың» көшбасшысы Квентин Корнет өз жылдамдығымен «Астананың» футболшыларынан озып, қақпашымен жеке дара шығуға жақын болғанымен, Алекса Аманович итеріп құлатты. Салдарынан төреші «Астана» қорғаушысына қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Кездесудің соңғы минуттарында қосалқы құрамнан шыққан 30 жастағы Роман Мұртазаев қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланып, ойын тағдырын шешті.

Бірақ ойынның басты қаһарманы ретінде «Елімайдың» қосалқы қақпашысы Денис Кавлиновтың да рөлі зор. Ол соңғы минутта Эльхан Астановтың добын керемет қайтара білді. Есеп: 0:1. Осылайша, қос клубтың ресми бірінші кездесуі Абай облысының пайдасына шешілді.

«Астана» бұған дейін Премьер-лигасы аясында өз алаңында 2023 жылдың 16 сәуірінде «Қайраттан» 0:3 есебімен жеңілген.


«Ордабасы» - «Қайрат» 1:2 (0:1)

Голдар: Әділет Садыбеков, 42 минут (0:1), Жоау Паулу, 68 минут (0:2), Жасур Яхшибоев, 84 минут (1:2)

Турдың орталық матчында жұрт күтпеген есеп тіркелді. Сарапшылардың пікірінше, ел чемпиондары айқын фаворит саналған. Оның үстіне чемпионат аясында «Қайрат» 2021 жылдан бері «Ордабасыны» жеңбеген еді. Алайда қонақтар еш саспай, алаң иелерінен кем түспеді. Тіпті бірінші таймның соңында "Қайраттың" бұрыштамадан көтерген добын Әділет Садыбеков қақпаға бағыттады. Бірақ доп қорғаушы Игорь Пластунға жанасып, автогол ретінде тіркелді. Екінші таймда өткен маусымның сұрмергені Жоау Паулу алыстан керемет соққы жасап, есепті еселеді. Осылайша, Жоау Паулу «Ордабасы» - «Қайрат» арасындағы кездесуіндегі голдар санын 8-ге («Қайрат» - 6 гол, «Ордабасы» - 2 гол) жеткізді. Қалған уақытта айып алаңынан Жасур Яхшибоев есепті қысқартқанымен, командасын жеңілістен құтқара алмады. Өз кезегінде «Қайраттан» Дмитрий Сергеев оңтайлы сәтті пайдалана алмаса, 19 жастағы Ян Труфанов бос қақпаға гол соқпады. Есеп: 1:2


Осы турдың көрсеткіштері:

- 6 ойында әзірше ең аз 10 гол соғылды.

- 2 қызыл қағаз және 36 сары қағаз көрсетілді.

- 6 ойынды өз алаңында өткізген клубтардың ішінен тек «Ақтөбе» жеңіске жетіп, «Қызылжар» тең түсті.


3 турда голдарды қай мемлекеттің өкілдері соқты?

Қазақстан – 3 гол

Доминикан Республикасы – 1 гол

Боливия – 1 гол

Бразилия – 1 гол

Словакия – 1 гол

Өзбекстан – 1 гол

Ресей – 1 гол

Автогол - 1

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 4 туры 6-7 сәуір күндері өтеді.