KZ
KZ RU
07 наурыз 2024 22:19
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

VAR, қызыл қағаз, пенальти: 2-тур ойындары несімен есте қалды?

07 наурыз 2024 22:19
Үш күнге жалғасқан OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші туры өз мәресіне жетті.

Турды Алматы қаласындағы «Жас Қыран» стадионында «Жетісу» мен «Астана» клубтары бастады. Талдықорған футболшылары үшін бұл маусымдағы алғашқы ойын ретінде саналды. Себебі, регламент бойынша олар бірінші турда кездесу өткізбеді.

Матчта Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттері Премьер-лиганың вице-чемпиондарына лайықты қарсылықты көрсетіп, тек соңғы минуттарда ғана қақпаларына 2 гол жіберіп алды. Осылайша, «Астана» екі ойын қатарынан 2:0 есебімен жеңіске жетіп, гол жібермеген жалғыз клуб ретінде тұр.

Алтыншы наурызда 3 бірдей ойын өтті. Қызылордада «Қайсар» мен «Қызылжар» арасындағы кездесу тартысқа толы болмады. Әли Әлиев шәкірттері жоғары деңгейлерін көрсетіп, лайықты түрде 3 ұпай иеленді. Оның үстіне алаң иелері сапынан маусымдағы бірінші қызыл Думан Нәрзілдаевқа көрсетілді. Дегенмен «дала қасқырларында» ойын тұрғысынан біршама мәселе бар екендігі көрер көзге анық білінеді. 

Ал Атыраудағы матчта OLIMPBET QFL Премьер-лигасының бірінші сенсациясы тіркелді. Ел чемпионы «Ордабасы» екінші турда-ақ «Атыраумен» тең түсіп, ұпай жоғалтты. Алдымен «Атырау» сапынан Олжас Керімжанов өз қақпасына автогол салса, соңғы секундтарда Ерсұлтан Қалдыбеков шалқалай тепкен добымен тараз басын теңестіріп кетті. Есеп: 1:1

Қостанайдағы ойында 6 гол соғылып, әзірше Премьер-лигадағы ең нәтижелі кездесу ретінде тіркелді. «Тобылдың» жабық кешендегі алаңы дебютантқа еш қиындық туғызбады. Матч бастала салысымен, «Елімай» есеп ашып, біршама уақыт алда тұрды. Бірақ үзіліске дейін алаң иелері есепті теңестіріп қана қоймай, 2:1 есебімен алға шықты.

Қонақтар оңайшылықпен беріле салмады. Екінші таймда пенальтимен жауап қайтарып, есепті 2:2-ге жеткізді. Егер «Елімай» сапынан бір ойыншы алаңнан қуылмағанда матч басқаша өрбитін ба еді… 62-ші минутта бас төреші Болат Сариев VAR жүйесінен кейін қонақтардың қорғаушысы Иван Шараваньяға қызыл қағаз көрсетті. Қалған уақытта қостанайлықтар басымдылығын пайдаланып, 4:2 есебімен жеңіске жетті.
2-турдан соң, «Тобыл» доп айырмашылығы бойынша турнир кестесінде көш бастады. Ал «Елімай» ұпай жоғалтқанымен, маусымда әлі өзін жақсы көрсететінін байқатты.

Шешуші күні Павлодар қаласында «Жеңіс» қарағандылық «Шахтерді» қабылдады. Бірінші турды қос клуб та сәтсіз бастаған еді. Әсіресе бұл жауапсыз 5 гол жіберген «Шахтерға» оңай болмады. Ойын тағдырын 45-ші минутта қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған «Жеңістің» шабуылшысы Арб Манайдың жалғыз голы шешті. Сондай-ақ, «Жеңіс» 16 жылдық үзілістен кейін бірінші рет қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Есеп: 1:0 
Екінші турдың соңғы ойыны Шымкент қаласында «Тұран» мен «Қайрат» арасында өтті. Матч айтарлықтай оқиғаға толы болмады. Қос клуб бірнеше мәрте қақпаға соққы бағыттағанымен, табло өзгеріссіз қалды. Есеп: 0:0

Екі турдың қорытындысы бойынша, «Тұран»,  «Шахтер» және «Жетісу» гол соқпады. Алайда Түркістан облысының командасында 1 ұпай бар. «Жетісу» бір ғана қарсыласпен ойнады.

Екінші турдың статистикасы:

 2-ші турда 175 (отандық 78 футболшы жасыл алаңға шықты) футболшы өнер көрсетті.

 — Жалпы 2 тур қорытындысы бойынша қарсылас қақпасына ең көп тура соққы жасаған ТОП-3 клуб: 

«Астана» — 20 (4 гол) 

«Тобыл» — 16 (6 гол) 

«Ордабасы» — 15 (6 гол)

Алты ойында 14 гол (2 пенальти) соғылды.

2-ші тур қорытындысы бойынша 2 қызыл қағаз, 30 сары қағаз көрсетілді.

Отандық футболшыларды ең көп негізгі құрамда алаңға шығарған клуб — «Қайсар» (7 ойыншы) 

Отандық футболшыларды ең аз негізгі құрамда алаңға шығарған клуб — «Тұран» (1 ойыншы)

Йосип Чондрич (Астана) — Премьер-лигада қақпасына доп жібермеген жалғыз қақпашы.

OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы бірінші қызыл қағаз 53-ші минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Думан Нәрзілдаевқа көрсетілді.

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының үшінші тур ойындары 30 және 31 наурыз күндері өтеді.