KZ
KZ RU
11 сәуір 2024 17:51
ЕКІНШІ ЛИГА

QFL Екінші лигасының 1-ші туры: Фавориттер өз күшін көрсетті

11 сәуір 2024 17:51

2023 жылдан қарағанда 1 аптаға ерте басталған QFL Екінші лигасының бірінші турында 5 ойын итжығыспен аяқталды. Ал дебютанттардың арасынан KazAST жеңісті жұлып алса, қайта жаңғырған Ertis өз конференциясында басты үміткер екендігін бірден білдірді.

 

Алғашқы турда қандай жайттар тіркелді?

- 11 ойында 22 гол соғылды.

- 39 сары қағаз көрсетіліп, 4 ойыншы алаңнан қуылды.

- 10 клуб әзірше өз қақпаларына гол жібермеді.

- Артем Попов (Ertis) – хет-трик, Руслан Есімов (Ertis), Шыңғыс Флюк («Шахтер Ж») – дубль авторлары. Аталмыш футболшылар Премьер-лигада ойын өткізген.

- Ertis, «Жас Қыран», «Шахтер Ж» клубтары қарсылас қақпасына ең көп соққы жасады.

 

9 сәуір


«Жеңіс Жас» - «Қызылжар Ж» 0:2

Голдар: Роман Гамазин, 26 минут (0:1), Руслан Пунько, 90+1 минут (0:2)

Қақпаға соққылар статистикасы: 9:14

Тәжірибелі «Қызылжар Ж» клубы сырт алаңда ойнаса да, алғашқы таймда дебютанттарды жарты алаңнан шығармады десе болады. Бірнеше мәрте қақпашымен бірге-бір шықса да, Петропавл командасы есеп басымдығын арттыра алмады. Екінші тайм анағұрлым тыныш өтіп, соңғы минуттарда Руслан Пунько қорытынды есепті тіркеді.


Ertis – «Тобыл Ж» 6:0

Голдар: Руслан Есімов, 25 минут (1:0), Артем Попов, 27 минут (2:0), Руслан Есімов, 31 минут (3:0), Артем Попов, 34 минут (4:0), Артем Попов, 57 минут (5:0), Айхан Ержанов, 75 минут (6:0)

Қақпаға соққылар статистикасы: 26:1

33 жастағы Руслан Есімов 2022-2023 жылдары Премьер-лигада «Ақсу» сапында доп тепкен. Өткен жылдың 8 маусымында әлеуметтік желіде футбол мансабын аяқтайтынын хабарлаған еді. Енді қайта жаңғырған «Ертісті» көтеруге атсалысып, бірінші турда дубль авторы атанды. Руслан бұған дейін 2016 жылы «Ертіс» сапында Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін иеленген.

Ал 26 жастағы орталық қорғаушы Артем Попов 2020 жылы 21 жасқа дейінгі ұлттық құрамада 1 ойын өткізіп, сырт алаңда Израильді 1:2 есебімен жеңуге үлес қосқан (соңғы минутта нәтижелі пас берді) болатын.

Алғашқы турдан-ақ, Солтүстік-Шығыс конференциясының басты фавориті айқындалған секілді.


«Қайсар-Шиелі» - «Оңтүстік» 0:0

Қақпаға соққылар статистикасы: 6:9

2024 жылы «Оңтүстік» клубы 4 ресми ойын өткізіп, қақпаларына бірде-бір гол жіберген жоқ. Нәтижесінде олар алдағы демалыс күні Қазақстан кубогының 1/8 финалында азулы «Қызылжармен» жолығады. Сол жайт әсер етті ме, әлде ойыны жүрмеді ме, әйтеуір қонақтар өздерінің фаворит деген атына лайық болмады.


«Талас» - «Іле-Алатау» 0:0

Қақпаға соққылар статистикасы: 14:14

Жамбыл облысының жаңа клубы өз алаңында «Іле-Алатаумен» терезесі теңдей матч өткізді. Қос команда да бірнеше мәрте ұрымтал сәттерді мүлт жіберді. Екінші таймда алаң иелері басымдық танытқанымен, бұрыштама, қақпашымен бірге-бір шығу сынды сәттерде гол соға алмады.


AKAS – «Мақтарал» 0:0

Қақпаға соққылар статистикасы: 12:14

AKAS Бірінші лигадан төмендеп қалғанымен, құрама сапында тәжірибелі біршама футболшылар бар. 2011 жылы «Жетісумен» күміс жүлде алған 33 жастағы Дәурен Сүйінов, ұлттық құрама доп тепкен шабуылшы Сергей Гридин.

Ал «Мақтаарал» сапында жақын арада Премьер-лигада өнер көрсеткен Мейрамбек Серікбай, Диержон Арипов клуб намысын қорғап жатыр. Қос клуб та алыс қашықтықтан бірнеше соққы бағыттады, Сергей Гридин де баспен гол соғатын сәттер болды. Бірақ есеп ашылмады.


10 сәуір


«Тұран Ж» - KazAST 1:2

Голдар: Бақытжан Биманбет, 48 минут (1:0), Абзал Сатыбалды, 69 минут (1:1), Дархан Тінәлиев, 78 минут (1:2)

Қақпаға соққылар статистикасы: 8:12

Бұл конференцияда Алматы қаласынан 3 бірдей команда жолдамаға таласып жатыр. AKAS пен «Жас Қыран» фавориттің қатарына кірсе, KazAST жаңадан құрылып жатыр. Десе де, жаңа клуб сырт алаңда намысқа тырысып, жеңісті жұлып алды.

Бұл клуб үшін ерекше оқиға. Неге? Себебі, енді Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түскен әр футболшы теориялық біліммен қатар, кәсіби деңгейде ойнау мүмкіндігіне ие болады.


«Ордабасы Ж» - «Жас Қыран» 0:2

Голдар: Расул Жұмабай, 20 минут (0:1), Әмір Әлихан, 59 минут (0:2)

Алаңнан қуылды: Мағжан Темірәлі («Ордабасы Ж»), 89 минут

Қақпаға соққылар статистикасы: 9:24

«Жас Қыран» клубы 2023 жылы Бірінші лигада өнер көрсетіп, 9-орынмен аяқтаған болатын. Бірақ басшылық осы маусымда Екінші лигада бақ сынауды жөн көрді. Бұл ұжым төмендегенімен, мықты екендіктерін Қазақстан кубогында дәлелдеген еді. Олар плей-офф кезеңіне дейін жетіп, овертаймда «Таразға» 0:1 есебімен есе жіберген. Міне, бірінші ойында олар қарсыластарына мүмкіндік қалдырмады.


«Астана Ж» - «Алтай Ж» 1:1

Голдар: Аслан Ғабиден, 65 минут (1:0), Бекжан Зыкырьянов, пенальтимен 80 минут (1:1)

Алаңнан қуылғандар: Андрей Березуцкий, Айтуар Төкен («Астана Ж»), 94 минут

Қақпаға соққылар статистикасы: 15:15

Астана қаласының командалары өз алаңындағы кездесулерін Sydykbek Arena-да қабылдап жатыр. Кезекті матчта Премьер-лигада 3 ойын өткізген 18 жастағы Аслан Ғабиден ерекше белсеніп, бірнеше рет дебютант «Алтай Ж» ұжымына қауіп төндірді. Аслан екінші таймда ақыры гол соққанымен, қонақтар пенальтимен есепті теңестіріп кетті. Дегенмен, бұл ойында «Алтай Ж» қақпашысын да ерекше атап өткен жөн.


«Елімай Ж» - SD Family Ж 1:1

Голдар: Мейіржан Құрманов, пенальтимен 4 минут (0:1), Қуаныш Шаймарданов, 17 минут (1:1)

Қақпаға соққылар статистикасы: 10:16

Бірінші турда 2 пенальти ғана белгіленді. Соның бірі – осы ойында болып, Астананың жаңа командасы ресми бірінші голын соқты. Дегенмен, алаң иелері тараз басын тез арада теңестірді. Сырт алаңдағы біріші гол, бірінші ұпай - SD Family Ж үшін жақсы нәтиже.


«Жетісу Ж» - «Ақсу» 1:0

Қақпаға соққылар статистикасы: 7:21

Гол: Шыңғыс Әнуарбек, 90+2 минут (1:0)

Талдықорған жастары үшін өте жақсы бастама. Себебі, өткен маусымда «Жетісу Ж» 1 ғана жеңіске қол жеткізіп, көш соңында қалған болатын. Міне, бірінші турда 90 минут қорғаныста ойнаған алаң иелері 1 ғана мүмкіндікті тиімді пайдаланып кетті.


«Оқжетпес Ж» - «Шахтер Ж» 0:4

Голдар: Шыңғыс Флюк, 26 минут (0:1), Шыңғыс Флюк, 26 минут (0:1), Даниал Таханов, 36 минут (0:3), Тимур Сағынған, 86 минут (0:4)

Алаңнан қуылды: Ернұр Қаппасов («Оқжетпес Ж»), 74 минут  

Қақпаға соққылар статистикасы: 2:20

«Шахтер Ж» өткен жылы 49 голмен ең нәтижелі клубтардың қатарына кірген еді. Нәтижесінде қола жүлдеге ие болды. Қос команданың соңғы ойынында «Шахтер Ж» сырт алаңда 1:7 есебімен басым түскен болатын. Осы жолы да Ақмола облысының жастары лайықты қарсылық көрсете алмады.


Айта кетейік, 1-ші турдағы «Атырау Ж» - «Тараз Ж» ойыны кейінге шегерілді. QFL Екінші лигасының кезекті тур ойындары 16-17 сәуір күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.