KZ
KZ RU
28 наурыз 2024 20:00

Q Football QFL-дің ресми серіктесі атанды

28 наурыз 2024 20:00
2020 жылдан бері отандық нарықта жүрген Q Sport медиа холдингінің бөлігі саналатын Q Football телеарнасы Qazaqstan Football League-ның ресми серіктесі атанды. Жаңа серіктеспен тиімді ынтымастықтың артықшылықтары жайлы барлық ақпарат 26 наурыз күні футбол клубтардың медиа-офицерлерінің бас қосуы барысында QFL кеңсесінде таныстырылды.

Q Football телеарнасы QFL турнирлерінің (Премьер-лига, Бірінші лига, Екінші лига, Қазақстан кубогы, Лига кубогы, Əйелдер кубогы, Əйелдер лигасы) барлық ойындарын тікелей эфирде көрсетеді. Телеарна эфирі еліміздегі ірі телеоператорлары саналатын Alma+, BeeTV жəне QFL.KZ сайтында қолжетімді. Сонымен қатар, жақын арада телеарна «Қазақтелеком» операторында да (IDTV жəне TV+ сервистері) қосылады.

Одан бөлек, Q Football 2 ай ішінде ОТТ-сервисті іске қосады. Бұл жерде QFL турнирлерінің ойындар көрсетілімдерінен бөлек, матчтар шолуы, ойындардың толық жазбасы, клуб контенті жəне т.б қамтылады. Бұл сервис мобильді Apple жəне Android құрылғыларында, LG, Samsung, Android TV теледидарларының SmartTV қосымшаларында, веб-порталда қолжетімді болады. ОТТ-сервис қолданушылар үшін толыққанды тегін.

«Q Football – QFL турнирлерінің барлық ойындарын көрсететін біздің жаңа өніміміз. Біздің медиа холдингтің Q League, Q Arenа (Қазақстан), Q Sport KG (Қырғызстан) жəне Q Sport International (ТМД) телеарналары еліміздің барлық телеоператорларына енген. Бізде футболдан əлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты, УЕФА чемпиондар лигасы сынды ірі додаларды көрсету құқығы бар. Біз үшін лиганың серіктесі болу үлкен құрмет жəне отандық жанкүйерлер біздің жобамызды лайықты бағалайды деп сенеміз» - деді, Q Sport телеарналар тобының жетекшісі Əлібек Сəрсембаев.

Айта кетейік, келісімнің арқасында бапкерлер, сарапшылар, клубтардың медиа командалары жəне QFL ұжымы статистикалық платформаны шексіз пайдалана алады. Платформада турнир, команда, ойыншылар туралы 80-ге жуық түрлі статистикалық көрсеткіштермен бірге диаграмма, салыстыру, матч бойынша кез-келген эпизодты көру мүмкіндігі, контент  пен сараптама жасауға болатын ақпараттар бар. Сонымен қатар, кез-келген уақытта ойындардың толық жазбасы, қызықты сəттері мен мұрағатын тамашалауға болады, ал футбол клубтары əлеуметтік желіде live-контент жасай алады.
Келісім аясында аудиторияны кеңейту жəне жанкүйерлермен байланысты арттыру үшін, ОТТ-сервисте контент салу мүмкіндігі қарастырылды. Серіктес QFL жəне клубтарға шоу, подкаст, репортаж, деректі фильмдер əзірлеуге көмектеседі. Сондай-ақ, лига қызметкерлері біліктілігін арттыру мақсатында ресми серіктестің ұйымдастыруымен шеберлік дəрістері мен воркшоптарға қатыса алады.

«Серіктесіміздің футбол академиясын құрғаның ерекше атап өтер едім. Онда отандық мамандар оқытылып, өз тəжірибелерін шыңдап жəне жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Дəл қазіргі сəтте ойындардың көрсетілімі бойынша аймақтарда 80-ге жуық ел азаматтары қызмет етеді. Біз футболды толық жəне жаңа сапада көру қолжетімді болғанына қуанышытымыз», - деп, Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян ойын білдірді.

Сонымен қатар, QFL «ТНТ», «Пятница», «Премиум кино», «Мировое кино», Setanta Qazaqstan сынды 12 танымал телеарнада жарнама мен тақырыпқа қатысты материалдарды жариялауға құқылы. Өз кезегінде серіктес жарнамалық мүмкіндіктерін қолдана алады.