KZ
KZ RU
05 наурыз 2024 15:42
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Премьер-лиганың 2-ші туры: дебютант клубтар таңғалдыра ала ма?

05 наурыз 2024 15:42
Бүгін футболдан OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші тур ойындары басталады. 

Турдағы бес ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирден көрсетсе,  «Тобыл» - «Елімай» кездесуін «Q Football» мен «Q Arena» телеарналары ұсынады. Сондай-ақ, QFL.kz сайтымыздан да барлық ойындарды тамашалауға мүмкіндігіңіз бар.

Турды «Жетісу» - «Астана» клубтары бастайды. Өткен маусымда бапкерлік қызметімен жақсы көзге түскен Қайрат Нұрдәулетов енді «Жетісуде» бағын сынап көрмек. Жаттықтырушы өзі ғана емес, «Мақтаралдан» бес ойыншыны да ерте келді. Жоспарында еурокубок деген амбициясы бар «Жетісудің» ойын деңгейін бүгін байқап көреміз. Былтыр елордалықтар екі ойында да 2:1, 2:0 есебімен басым түскен еді.

Ертең Қызылордада «Қайсар» командасы «Қызылжарды» қабылдайды. Бірінші турда өте жақсы әсер қалдырған Әли Әлиевтің шәкірттері фаворит екендігі сөзсіз. Дегенмен, жалынды жанкүйерлері бар «Қайсар» өз алаңында екі рет қатарынан жеңілістің ащы дәмін татпауға барын салады.

Атырау қаласындағы «Атырау» - «Ордабасы» теке-тіресі қызықты өтетіні даусыз. Себебі, «Атырау» клубы өз жерінде Премьер-лиганың фавориттеріне ұпай бере бермейді. Мысалы, 2023 жылы «Ордабасы», «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл», «Қайрат» командасының ешқайсысы жеңісті тартып ала алмады. 
7 наурыз күні Премьер-лиганың дебютанты «Жеңіс» пен «Шахтер» кездеседі. Екі клуб бірінші турда қарсылас қақпасына гол соға алмады, ұпай алмады. 

«Тұран» клубы Премьер-лигадағы мықты ұжымның бірі саналатын «Қайратты» қабылдайды. Соңғы рет қос клуб 2022 жылы кездесіп, Жоау Паулу хет-триктің авторы атанған еді. Осы жолы «Тұран» өткен маусымның үздік сұрмергені Жоау Паулуға тосқауыл бола ала ма? 

Ал, Премьер-лиганың кезекті турының орталық ойыны Қостанайда Қазақстан Суперкубогының иегері «Тобыл» мен дебютант «Елімайдың» арасында өтеді. Біріншіліктегі басты фавориттер  «Ордабасы», «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл» саналатыны сөзсіз. Бірақ клуб құны бойынша 6,94 миллион еуромен «Елімай» ТОП-5 команданың қатарына кіреді. 

«Елімай» өткен жылы 24 жеңіс, 4 тең көрсеткішпен Бірінші лигада топ жарып еді. Биыл Премьер-лигада жан сақтау үшін емес, еурокубокқа кіру үшін жанталасатыны анық. Себебі, «Елімайды» елдегі білікті бапкер Андрей Карпович баптайды әрі қатарын бірнеше жаңа ойыншымен толықтырды. 
Маусым қарсаңындағы «1XBET Winter Cup» турнирде қос клуб та қатысты. Сол сәтте «Елімай» сапынан Квентин Корнетт, Николай Золотов, Роман Муртазаев т.б ойыншылар өздерінің мықты тұстарын көрсетіп үлгерді. 

Әрине, бірінші турда «Атырау» қақпасына гол соға алмады. Дегенмен, «Елімайдың» деңгейін Қазақстан Суперкубогының иегері «Тобылға» қарсы кездесуде байқармыз. 

Бұған дейінгі Бірінші лигадан келген клубтардың тарихына назар аударсақ, ең алғаш жоғары жетістікке «Жетісу» клубы жетіпті. 
2006 жылы «Жетісу» Бірінші лиганы 25 жеңіс, 1 тең нәтижемен мүлтіксіз тәмамдады. Сондай-ақ, рекордтық 119 гол соққаны тағы бар. Ал 2007 жылы «Жетісу» премьер-лиганы 5-орынмен аяқтап, Интертото кубогына қатысуға мүмкіндік алған еді. Иә, кейіннен «Мегаспорт» (2008), «Қайсар» (2014) клубтары бесінші орынға тұрақтады. Дегенмен, әзірше одан жоғарғы орынға көтерілген клубтар тіркелмеді. Бәлкім, «Елімай» бұл көрсеткішті жаңартып қалар?

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші тур ойындарын жіберіп алмаңыз!