KZ
KZ RU
29 наурыз 2024 12:41
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Премьер-лига оралды: 30-31 наурыз күндері қандай ойындар өтеді?

29 наурыз 2024 12:41

30-31 наурыз күндері OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 3-ші тур ойындары өтеді. Ұлттық құрамалардың ойындарына байланысты үш аптадай үзілістен кейін, Премьер-лига аясында 6 ойынға куә боламыз.

Сенбі күні Премьер-лиганың алғашқы матчы «Шахтер» мен «Тұран» клубтарының кездесуімен басталады. Қос ұжым да әзірше қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Дегенмен, «Тұран» өз алаңында «Қайратпен» тең түсті. Бұған дейін клубтар 2022 жылы ел чемпионатында жолығып, 0:0 есебімен тарқасқан. Оның үстіне «Тұран» 2021 және 2022 жылдары гол ең аз соққан командалардың қатарына кіреді.

Ал 16:30-да екі турда жарқын ойынымен есте қалған «Атырау» мен «Жетісу» өзара жолығады. Бір қызығы, «Атырау» өз алаңында чемпионаттың фавориттеріне жеңілмегенімен, «Жетісуді» 5 жыл бойы ұта алмай келеді. Қос ұжым да өз жерінде емес, сырт алаңда бір-бірін жеңіп жатады. Осы жолы да көпшілік күтпеген есеп тіркеле ме екен?

31 наурыз күнгі 4 ойын да қызықты өтетіні даусыз. Шабуыл шебі Рамазан Оразов, Максим Самородов, Идрис Умаев секілді мықты футболшылардан құралған «Ақтөбе» өз алаңында дебютант «Жеңіс» командасын қабылдайды. «Жеңіс» 2 ойында 3 ұпай жинағанымен, ойын барысында қарсыластарына толық есе жіберді деп айтуға келмейді. Әсіресе, ойынға көп араласатын қақпашы Никита Калмыков пен дриблингімен ерекшеленетін Ғалымжан Кенжебекті ерекше атауға болады.

Бұл кездесумен қатар «Қызылжар» ұжымы Қазақстан Суперкубогының иегері «Тобылмен» ойнайды. Әзірше «Астана» мен «Тобыл» ғана 2 ойында жеңіске жетті. Енді «Тобыл» үшін жеңісті серияны жалғастыру қиын болмақ. Себебі, былтыр «Қызылжардың» бастапқы 6 ойында жеңгенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Биыл да Алматыда есе жібергенімен, «Қайраттан» кем түспеді.

Одан кейін қақпасына доп кіргізбеген жалғыз «Астана» клубы танымал футболшылардан жасақталған «Елімаймен» өзара мықтыны анықтайды. 2 тур барысында Қостанайда «Тобылмен» қызықты кездесу өткізген «Елімай» енді Премьер-лига күміс жүлдегерінің қақпасына гол соға ала ма екен?!

Тур Премьер-лигадағы фавориттер саналатын «Ордабасы» мен «Қайрат» орталық ойынымен аяқталады. Бұл ойынның қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Былтыр Шымкенттегі матчта соңғы минуттағы Матичтің голы ғана «Ордабасыға» жеңіс сыйлап еді. Осы жолы да ысқырық шалынғанша, тартысты теке-тіреске куә боламыз деп ойлаймыз.

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 3-ші тур ойындарын тікелей эфирде QFL.KZ сайтында және Q Football, Q Arena, Qazsport телеарналарынан тамашай аласыздар.