KZ
KZ RU
14 сәуір 2024 21:49
OLIMPBET КУБОК

OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы: 1/8 финалда фавориттердің барлығы ұтты

14 сәуір 2024 21:49

13-14 сәуір күндері OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының негізгі кезеңі өтті. 1/8 финалда қағаз жүзінде фаворит саналған барлық клубтар өз қарсыластарынан басым түсті.

Қандай көрсеткіштер тіркелді?

— 8 ойында 22 гол соғылды.

— 16 футболшы осы маусымдағы бірінші голын соқты.

— 36 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды.

— «Елімай» — 1/8 финалда ескерту алмаған жалғыз команда.

— 4 пенальти белгіленіп, 2-уінде гол соғылмады.

— «Қызылжар» клубы ғана бірінші өз қақпасына доп жіберіп, келесі айналымға өте алды.

— 2023 жылы 1/4 финалда ойнаған командалардың арасынан биыл 6-уы қайта ширек финалға шықты.

 

«Атырау» — SD Family 6:0

Голдар: Барбоса, 29 минут (1:0), Фазулло Олимзода, 33 минут (2:0), Педро Эуженио, 45+1 минут (3:0), Барбоса, 64 минут (4:0), Никита Степанов, 83 минут (5:0), Педро Эуженио, 87 минутта пенальти (6:0)

Соғылмаған пенальти: Сұлтан Сағнаев (SD Family), 63 минут

OLIMPBET QFL Премьер-лигада 4 тур бойы жеңістің дәмін татпай жүрген «Атырау» клубы өздеріне деген сенімділіктерін ояту үшін, Қазақстан Кубогына жауапкершілікпен қарап, бар күшін салды. Ешқандай легионерсіз доп тепкен Бірінші лиганың қатысушысы — SD Family мүмкіндігінше ойнауға тырысса да, шамалары жетпеді. Осы орайда «Атыраудың» 2023 жылы 1/2 финалға дейін жетіп, біршама мықтыларды жолдан тайдырғанын айта кетейік.

SD Family ірі есеппен жол берсе де, алғаш рет 1/8 финалда доп тебуі үлкен жетістік.

Осы жолы ширек финалда «Атырау» мен «Қайрат» клубы қайта өзара мықтыны анықтайды.

 

«Қайсар» — «Тобыл» 0:3

Голдар: Ахмед Эль-Мессауди, 27 минут (0:1), Радослав Цонев, 60 минут (0:2), Ахмед Эль-Мессауди, 84 минут (0:3)

Соғылмаған пенальти: Дмитрий Бородин («Қайсар»), 45+1 минут

Қазақстан кубогының, Суперкубогының иегері — «Тобыл» командасы алғашқы қадамды өте сәтті бастады. Жас футболшыларға мүмкіндік береміз дегенімен, қонақтар негізгі ойыншыларын шығарып, ірі есеппен ұтты.

Жеңілістен көз ашпаған «Қайсар» үшін әр ойын маңызды болғанымен, бірінші таймда пенальтиден тараз басын теңестіре алмады. Осылайша, «Қайсар» алғашқы кезеңде-ақ жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

 

«Жеңіс» — «Астана» 0:1

Гол: Рамазан Кәрімов, 5 минут (0:1)

Қос команда үшін де бұл ойынның маңызы жоғары болды. «Астана» дәл осы Қарағанды стадионында ойыны жүрмей, «Шахтердан» жеңілсе, «Жеңіс» сәтті жолын таба алмай келеді.

Дегенмен, 5-ші минуттағы Рамазан Кәрімовтың жылдам голы кездесу тағдырын анықтап берді.

 

«Қайрат» — «Тұран» 3:0

Голдар: Элдер Сантана, 29 минут (1:0), Лука Гадрани, 40 минут (2:0), Еркебұлан Сейдахмет, 90+4 минутта пенальти (3:0)

OLIMPBET QFL Премьер-лигасы аясында қос команда 0:0 есебімен тең тарқасып еді. Осы жолы алаң иелерінің нәтижелі шабуылдарына «Тұран» төтеп бере алмады.

Қонақтар да өте ұтымды 2 мүмкіндігін пайдалана алмады. Әйтпесе, ойын қалай өрбитіні белгісіз еді. Себебі, 2021 жылы Кубок аясындағы матчта «Қайрат» 3 гол соққанымен, «Тұран» керемет камбэк жасап, 4:3 есебімен басым түскен болатын.

 

«Оңтүстік» — «Қызылжар» 1:2

Голдар: Диас Донбай, 27 минут (1:0), Мәди Хасейн, 69 минут (1:1), Рубен Бриджиду, 71 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Жавланбек Бабаназаров («Оңтүстік»), 80 минут

Екінші лигадан қатысқан жалғыз клуб — «Оңтүстік» шамамен барлық голдарын бірінші таймда соғып келген еді. Осы жолы да дәстүрлерінен жаңылмай, есеп ашты. Алайда айналдырған 3 минуттың ішінде қонақтар есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті алып кетті.

 

«Тараз» — «Ордабасы» 0:2

Голдар: Режиналдо, 36 минут (0:1), Еркебұлан Тұңғышбаев, 37 минут (0:2)

1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының ең жас командаларының бірі саналатын «Тараз» OLIMPBET QFL Премьер-лига чемпиондарына есе жіберсе де, лайықты деңгейде өнер көрсетті.

 

«Ақтөбе» — «Жетісу» 1:0

Гол: Дмитрий Бессмертный, 44 минут (1:0)

Алаңнан қуылған: Антон Шрамченко («Жетісу»), 85 минут

«Ақтөбе» клубы ойын тізгінін өз қолдарына алғанымен, бірінші таймның соңғы минуттарында ғана қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Екінші таймның соңғы минуттарында «Жетісу» қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгермеді.

Айта кететіні, «Ақтөбе» OLIMPBET QFL Премьер-лигасында жүлдеге үмітті команда болса да, 2017 жылдан кейін енді ғана 1/4 финалға өте алды.

 

«Елімай» — «Шахтер» 2:1

Голдар: Шина, 50 минут (1:0), Дмитрий Бачек, 73 минут (1:1), Иван Свиридов, 87 минут (2:1)

Соңғы минуттарда ұпайды алып кететін «Елімай» клубы кезекті рет жеңіске жетті. Естеріңізде болса, бұған дейін «Астана» мен «Қайсар» ұжымдарына 80 минуттан кейін жеңіс голын соққан болатын.

Ширек финалдың жұптары:

«Тобыл» — «Астана»

«Атырау» — «Қайрат»

«Ордабасы» — «Ақтөбе»

«Елімай» — «Қызылжар»

 WEB_Setka1-4 (1).png

OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/4 финал ойындары 8 мамыр күні өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.