KZ
KZ RU
03 наурыз 2024 17:02
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Маусымның алғашқы туры тарихқа енді

03 наурыз 2024 17:02
Футболдан OLIMPBET QFL Премьер-лигасы 2024 жаңа маусымның алғашқы туры аяқталды. Бірінші тур ойындары 1-2 наурыз күндері өтіп, ел тарихында ең ерте басталған Премьер-лига ретінде тіркелді. Бұған дейінгі рекорд 2023 жылдың 4 наурызына тиесілі еді.
Жаңа маусымның басты жаңалықтарының бірі - ойындардың эфирлік сапасы айтарлықтай жақсарды. Тікелей эфирлерді өндіру үшін кәсіби бейнекамералар саны ұлғайтылды, жаңа графикалық пакет енгізілді, арнайы медиа платформа әзірленуде және жаңа Q Football телеарнасы қосылды. Сонымен қатар, біздің QFL.kz сайтымызда барлық кездесулерді тікелей эфирден тамашалай алуға болады.

Кеше 1 тур аясында төрт ойын өтті. Ел чемпиондары «Ордабасы» ФК өз алаңында «Шахтерді» 5:0 есебімен жеңді. Бұған дейінгі тарихқа назар аударсақ, 2021 жылы алғашқы турда «Ордабасы» клубы «Қызылжардан» дәл осындай есеппен жеңілген. Бірақ ол ойын кейінге қалдырылып, жазда өткен болатын.

Чемпионаттың ең жас клубы саналатын «Қайрат» тартысты ойында «Қызылжардан» басым түсті. Өткен маусымның үздік сұрмергені Жоау Пауло ойындағы есепті ашып, әлі де бабында екендігін байқатты.
Бұған дейін 1 наурыз күні чемпионат «Астана» және «Жеңіс» клубтарының арасындағы дербимен басталып, 2:0 есебімен былтырғы күміс жүлдегерлердің сенімді жеңісімен аяқталған еді. 
Ал Қызылорданың Ғани Мұратбаев стадионында «Қайсар» 2020 жылдан бері бірінші турда жеңіске жете алмай келеді. Осы жолы олар шабуыл легі мықты «Ақтөбеге» қарсы төтеп бере алмады. 

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының дебютанттары «Елімай», «Жеңіс», «Тұран» бірінші турда қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Жалпы чемпионаттың фавориті саналған клубтардың барлығы сенімді жеңіске жетті.

Статистикалық көрсеткіштер:
- 6 ойында 16 гол соғылды.
- 24 сары қағаз көрсетіліп, бірде-бір ойыншы алаңнан қуылмады.
- Барнс Осей – маусымдағы алғашқы сары қағазды алған «Астана» футболшысы.
- Ең көп 7 ескерту «Қайрат» - «Қызылжар» ойынында тіркелді.
- Барлық 6 ойында есепті шетелдік легионерлер ашты.
- Бірінші турда «Жетісу» клубы ғана ойнамады.
- «Елімай» - «Атырау» ойынында ғана тең есеп тіркелді.
- Алғашқы турда тек «Тобыл» - «Тұран» кездесуінде ғана бір пенальти белгіленді.

Енді OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті туры 5-7 наурыз аралығында өтеді.