KZ
KZ RU
09 сәуір 2024 09:00
ЕКІНШІ ЛИГА

Екінші лига: жаңа клубтар мен жас таланттардың ойынын тікелей эфирде тамашалаңыз

09 сәуір 2024 09:00

Бүгін еліміздің 16 өңірінен бірінші рет 24 команданың қатысуымен QFL Екінші лигасының тартыстарына куә боламыз. Жарыс қорытындысы бойынша, әр конференциядан тек көшбасшылар ғана Бірінші лигаға жолдама алады.

Алғашқы ойын «Солтүстік-Шығыс» конференциясында «Жеңіс» пен Петропавлдың «Қызылжар» жастары арасында өтеді. Сондай-ақ, Астана қаласынан Бірінші лигаға жолдама алған, Қазақстан кубогының 1/8 финалына шығып, біршама жетістіктерге қол жеткізген SD Family де өз жастарын қатарға қосты. Дебютанттардың арасында тарихы қайта жанданған «Ertis» те бар. Дегенмен, бұл команда Қазақстан кубогы аясында Бірінші лиганың көшбасшыларын біраз састырғаны тағы бар. Сондықтан бұл клуб тек ойнап қана қоймай, Бірінші лигаға шығатын фавориттердің қатарына кіреді. Ал, осы маусымда Бірінші лигадаөнер көрсететін ШҚО-ның «Алтай» клубы биыл тәжірибе жинақтау мақсатында екінші командасын жасақтады.

«Оңтүстік-Батыс» конференциясында да біршама клубтар алғаш рет ресми түрде доп тебеді. Соның бірі – жақын арада ғана құрылған «Талас» (Жамбыл облысы) командасы. Құрамадағы барлық футболшылар 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдан жасақталған. Клуб өз алаңындағы ойындарын Қаратау қаласында қабылдайды. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы атақты Спорт және туризм академиясы енді KazAST клубымен жоғарыға ұмтылатын болады. 18 жылдан кейін Бірінші лиғаға жолдама алған «Қайсар-Жастар» ұжымы Екінші лигамен байланысын жоғалтпайды. Премьер-лигада «Қайсар», Бірінші лигада «Қайсар-Жастар», Екінші лигада «Қайсар-Шиелі» бақ сынайды. Ойындар 30 мыңнан астам тұрғыны бар Шиелі ауылында өтеді. Алғашқы қарсылас - Қазақстан кубогының 1/8 финалына шыққан Екінші лигадағы жалғыз клуб – «Оңтүстік».

Бұл турнирдің маңыздылығы – доп додасы тек қалаларда ғана емес, ауылда да ұйымдастырылуында болып тұр. Алғаш рет барлық ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайты арқылы тікелей эфирде ұсынады. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның шолуы қолжетімді. QFL Екінші лигасының ойындарын көріп, сүйікті клубыңызға жанкүйер болыңыз!


   01-TOUR_Ontustik_Batys_V03.png  01-TOUR_SOLTUSTIK_SHYGYS_V02.png