KZ
KZ RU
07 сәуір 2024 20:47
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

Бірінші лига: тек жеңіске ұмтылған клубтар

07 сәуір 2024 20:47

4-7 сәуір күндері аралығында 1XBET QFL Бірінші лигасының 1-ші туры өтті.

 

Турдағы көрсеткіштер:

- Ұлықбек Хайтмуратов («Тараз») – Бірінші лигадағы бірінші голдың (пенальти) авторы.

- Бірінші қызыл қағаз 25-ші минутта «Тараз» қақпашысы Еркебұлан Рахметуллаға көрсетілді.

- 8 ойында 18 гол соғылып, бірде-бір тең есеп тіркелмеді.

- Алғашқы турдың 5 ойынында қонақтар жеңіске жетсе, 3 ойында ғана алаң иелері басым түсті.

- 3 қызыл қағаз, 37 сары қағаз көрсетілді.

 

«Тараз» – «Оқжетпес» 1:2

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 1.54 – 0.69

Қазақстан кубогының 1/8 финалына сенімді түрде шыққан «Тараз» клубы бірінші турда фаворит саналды. Алаң иелері екінші минутта-ақ есеп ашып, ал жартылай қорғаушы Димаш Серікұлы бірнеше мәрте қонақтар қақпасына қауіп төндірді. Алайда ойда жоқта «Тараз» қақпашысы Еркебұлан Рахметулла спорттық этиканы сақтамағаны үшін, 26-шы минутта алаңнан қуылды. Нәтижесінде «Оқжетпес» бірінші таймда алға шығып, жеңісті ұстап қалды. Екінші таймда 1 ойыншысы кем болса да, «Тараз» соңғы секундқа дейін шабуылдады. Нәтиже болмады. Есеп: 1:2.

2023 жылы да «Тараз» бірінші турда өз алаңында «Тұранға» 0:1 есебімен жол берген еді.

 

SD Family – «Ұлытау» 1:2

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 2.20 – 1.95

Жаңадан құрылған «Ұлытау» клубы былтыр Екінші лиганың бастапқы 5 ойынында 24 гол соғып, қақпасына гол жібермеген еді. SD Family де 5 ойын қатарынан жеңіп, өзара жетінші турда кездескен болатын. Нәтижесінде тартысты ойында «Ұлытау» 3:2 есебімен басым түскен еді. Биыл Екінші лигадан көтерілген қос ұжым бірінші турда-ақ жолықты. Дегенмен, SD Family клубының жаңадан соғылған жасыл алаңында командалар қақпаларына 30 соққы жасағанымен, «Ұлытау» жеңісті тартып әкетті.

Жезқазғанның командасы келер жылы Премьер-лиганы көздейтіні анық.

 

«Қайсар-Жас» – «Ақтөбе-Ж» 3:1

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 2.43 – 1.01

«Қайсар-Жас» бұған дейін Бірінші лигада сонау 2006 жылы ойнаған еді. Міне, енді 18 жыл салып оралған қызылордалықтар бесінші минутта гол жібергенімен, қалған уақытта бірінші турдағы ең көп 21 соққы жасап, 3 голмен жауап қатты.

 

«Хан-Тәңірі» – «Жетісай» – 1:0

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 1.76 – 0.44

Бірінші лигада ең егде клуб саналатын «Хан-Тәңірі» Премьер-лигаға шығуға бірден-бір үміткер. Құрамында тәжірибелі Пасеченко, Қуантаев, Әмірсейітов, Шахметов, Парагульговты жинаған алаң иелері басымдығын бірден танытты. Ал қазақтың кіл жастарынан құралған «Жетісай» барынша қорғаныста сауатты ойнауға тырысқанымен, 65-ші минутта гол өткізіп алды.

«Хан-Тәңірі» чемпионат басталмай тұрып, бапкер ауыстырып үлгерді. Енді алматылықтарды ардагер футболшы Асқар Қожабергенов жаттықтырады.

 

«Ақжайық» – «Екібастұз»– 0:1

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 0.53 – 0.89

Өткен маусымды сүреңсіз аяқтаған «Екібастұз» биыл бірден-бір фаворитке айналып шыға келді. Себебі, 2023 жылы Премьер-лигада «Ақсудың» намысын қорғаған Тимур Рудосельский, Асламбек Кәкімов, Михаил Голубничий, Карам Султанов енді «Екібастұз» сапында ойнайды. Қос ұжым бір-біріне беріспеді. Тек 88-ші минутта 17 жастағы Әлімжан Еркін қонақтарға 3 ұпай сыйлады.

 

«Қыран» – «Түркістан» 1:2

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 0.82 – 1.23

Былтыр 5-орынға тұрақтаған «Қыран» командасы үшін «Түркістан» ыңғайсыз қарсылас саналады. Себебі, 2022 жылы өз алаңында тең түссе, 2023 жылы есе жіберген болатын. Осы жолы алаң иелері бірінші болып есеп ашқанымен, жеңіс тұрмақ, тең есепті ұстап тұра алмады. Есеп: 1:2

 

«Арыс» – «Каспий» 0:2

Гол соғу мүмкіндігі (XG): 0.11 – 1.32

Өз алаңында ойын өткізгенімен, «Арыс» қарсыласқа бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Қонақтар ойын тізгінін қолдарына алып, дәл 9 соққы жасады. Нәтижесінде Премьер-лиганың былтырғы қатысушылары сенімді түрде ұтты.

 

«Қайрат-Жастар» – «Алтай»– 1:0

Еліміздегі ең үздік академияның бірі – «Қайрат-Жастар» Екінші лигадан көтерілген «Алтайға» бірден ойын басымдығын көрсетті. Алаң иелері 2 жыл бұрын құрылған ШҚО командасына 20 соққы жасады. Нәтижесінде өткен маусымда Премьер-лигада 8 минут ғана ойнаған 19 жастағы Рамазан Кәрімов пенальтимен жеңіс голын соқты. Қонақтар сапынан 2013 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіде өнер көрсеткен атақты Сергей Хижниченко жасыл алаңда шыққанымен, тараз басын теңестіруге шамасы жетпеді.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 2-тур ойындары 10-12 сәуір аралығында өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.