KZ
KZ RU
28 сәуір 2024 21:15
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

6-шы тур қорытындысы: маусымдағы алғашқы жеңістер

28 сәуір 2024 21:15

27-28 сәуір күндері өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 6-шы турында көптеген күтпеген нәтижелер тіркелді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында 12 гол соғылды.

- 29 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

 

«Тобыл» - «Жеңіс» - 1:1

Голдар: Игорь Иванович, 17 минут (1:0), Арб Манай, 76 минут (1:1)

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының алғашқы ойыны Қостанайда басталды. Көпшілік бұл ойында «Тобыл» клубы қарсыласын қалпақпен ұрып алады деген еді. Шынында да бастапқы минуттарда қостанайлықтар соққыларын қарша боратып, қыспаққа алды. Нәтижесінде 17-ші минутта Игорь Иванович есеп ашты. Одан кейін де бұл футболшы бірнеше рет қақпаны нысанаға алды. Екінші таймның басында Ахмед Эль-Мессаудидің добы қақпа бағанынан қайтты. Ал 76-шы минутта «Жеңістің» сирек шабуылдарының бірінде Арб Манай күтпеген жерден баспен гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Қалған 15 минутта алаң иелері жеңіске қанша ұмтылғанымен, жеңіске жете алмады.

- «Тобыл» 3 ойын қатарынан тең түсті.

- «Жеңіс» бірінші рет маусымда қарсыласпен ұпай бөлісті.

 

«Атырау» - «Қызылжар» - 2:0

Голдар: Николай Сигневич, 51 минут (1:0), Якоб Новак, 54 минут (2:0)

«Мұнайшы» стадионында «Атырау» көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Ал осы турға дейін ешкімнен кем түспеген «Қызылжар» сүреңсіз ойын көрсетіп, 90 минут бойы қарсылас қақпасына 1 ғана тура соққы бағыттады. Барлық голдар екінші таймның басында стандарттардан соғылып, алаң иелері қалған уақытта жеңісті есепті сақтады.

- «Атырау» бірінші жеңісін тойлады.

- «Атырау» бір ойында 1 голдан артық соға алды.

- «Атырау» өз голдарын тек 2-ші таймда салады.


«Тұран» - «Астана» - 0:2

Голдар: Алекса Аманович, 56 минутта пенальти (0:1), Усман Камара, 65 минут (0:2)

Алаңнан қуылған: Феди Бен Чоуг («Тұран»), 5 минут (0:2)

2024 жылғы OLIMPBET QFL Премьер-лига маусымындағы ең жылдам қызыл қағаз онсыз да аутсайдер саналған «Тұранның» жағдайын қиындатып жіберді. Шабуылшысынан айырылған түркістандықтар 90 минут бойы бірде-бір рет қарсылас қақпасына тура соққы жұмсай алмады. «Астана» 16 мәрте соққы жасағанымен, көп сәттерде доп қақпаға тура бармай қойды. Тек екінші таймдағы пенальти қонақтардың алға шығуына көмектесті. Әр соққысы далаға кетіп жүрген Усман Камара осы турға дейін 13 соққы бағыттаса да, әлі гол соқпаған еді. Осы жолы ақыры қақпашының қайтарған добына бірінші жетіп, есепті арттырды. Есеп: 0:2

- «Астана» бірінші рет OLIMPBET QFL Премьер-лигада «Тұранды» жеңе алды.

- «Астананың» ойындағы допқа иелік ету көрсеткіші 79%-ды құрады.

 

«Қайсар» - «Қайрат» - 1:0

Гол: Айбар Жақсылықов, 90+4 минут (1:0)

Алаң иелері дәл осы матчқа ерекше мотивациямен шығып, «Қайраттан» кем түспеді. Ойыншылар әр допқа қарқынды таласып, бір-бірімен соңына дейін таласты. Нәтижесінде 11 бірдей сары қағаз көрсетіліп, 2024 жылғы маусымдағы «ең дөрекі матч» статусын иеленді. Екінші таймда қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алғанымен, 5 турда ең көп 28 соққы бағыттаған Жоао Пауло, Зария, Элдер Сантана «Қайсар» қақпасының құлпын бұза алмай-ақ қойды. Соңғы минуттағы Даниил Устименконың қателігі 3 ұпайға ұмтылған «Қайратты» тіптен 1 ұпайсыз қалдырды.

- 11 сары қағаз көрсетілді. 2024 жылғы маусымдағы рекорд

- «Қайсар» бірінші жеңісін тойлады.

- «Қайрат» 3 матч қатарынан «Қайсардан» айласын асыра алмай келеді.

 

«Елімай» - «Ордабасы» - 1:1

Голдар: Сада Тиуб, 3 минут (1:0), Дембо Дарбо, 13 минут (1:1)

Осы турдың орталық ойыны саналған кездесуді тамашалауға 8 000 жанкүйер жиналды. Бірнеше жылдан кейін Семейге оралған OLIMPBET QFL Премьер-лига көрермендерді ұзақ күттірмеді. 3-ші минутта-ақ алаң иелері сапынан Сада Тиуб қарбаласты сәтті пайдаланып, есеп ашты. Ал 13-ші минутта Бауыржан Исламханның орталық алаңнан асырған керемет пасын Денис Кавлинов уысынан шығарып алды. Нәтижесінде Дембо Дарбо бос қақпаны дәл көздеп, есепті теңестірді. Бұл «Елімай» қақпашысының OLIMPBET QFL Премьер-лигада жіберген алғашқы голы. Қалған уақытта клубтар көптеген қауіп туындатқанымен, табло өзгеріссіз қалды.

 

«Жетісу» - «Ақтөбе» - 2:1

Голдар: Антон Шрамченко, 19 минут (1:0), Матео Барач, 01 минут (1:1), Асхат Балтабеков, 70 минут (2:1)

Алматыда «Қайратты» таза жеңген «Ақтөбе» ұжымы басты фаворит ретінде келген еді. Бірақ өздерінен мықты клубтармен қалай ойнау керектігін білетін Қайрат Нұрдәулетов ақтөбеліктерді сенсациямен жеңіп кетті. Ал ойын бойынша алаң иелері өздерінің мықты екендіктерін толық көрсетіп, әр допқа бірінші жетті. Прессинг жасап, «Ақтөбеге» кең көсілуге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Шрамченко күтпеген жерден гол соғып кетті. Екінші таймда «Жетісу» қақпашысы қателесіп, қарсыластарға гол сыйлағанымен, 70-ші минутта Асхат Балтабеков қақпашының қайтарған добына бірінші үлгеріп, 2:1 есебімен ұтып кетті.

- «Жетісу» 5 жылдан кейін «Ақтөбені» өз алаңында жеңді.

- «Жетісу» сапынан алғаш рет голдарды өзге футболшылар соқты.

- Чемпионаттың аутсайдерінің бірі саналған «Жетісу» 3-орынға көтерілді.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 7 тур ойындары 4-5 мамыр күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.