KZ
KZ RU
20 сәуір 2024 10:15
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

3-ші тур: Алматыдағы триллер

20 сәуір 2024 10:15

18-19 сәуір күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы кезекті туры өз мәресіне жетіп, «Жетісай» кезекті рет таңғалдырды. Ал Алматы төріндегі ойында 6 бірдей гол соғылды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 30 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- 12 гол соғылды.

- 3 тур қорытындысы бойынша, «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» клубтары гол жібермей келе жатыр.

- SD Family – ең көп 7 гол соқты. Сонымен қатар, ең көп гол жіберген ТОП 3 клубтың қатарында.

- Аңыз футболшы Сергей Хижниченко доп тебетін «Алтай» клубы ғана әзірше ұпай алмады.

- Екінші лигадан көтерілген ұжымдардың қарқыны әзірше жақсы («Жетісай», SD Family)

 

«Алтай» - «Арыс» - 0:1

Гол: Бейбарыс Әбділхай, 29 минут (0:1)

Үшінші турды ашқан бұл матч оқиғаға толы болмады. Небәрі 3 тура соққы ғана бағытталды. Қонақтар сапынан жасөспірімдер Қазақстан ұлттық құрамасының шақырту алған, ал ойынның тағдырын 18 жастағы Бейбарыс Әбділхайдың алыстан шірене тепкен сұрапыл добы шешті. Бұл «Арыстың» алғашқы голы және бірінші жеңісі.

 

«Оқжетпес» - «Хан-Тәңірі» - 0:0

Ұзақ уақыт бойы жөндеуге байланысты «Оқжетпес» өз алаңындағы кездесулерін Астананың бас стадионында өткізіп келген еді. Ал жаттығуды Шымкентте жүргізді. Міне, енді жөндеу жұмысы өз мәресіне жетіп, «Оқжетпес» стадионына футболды сағынған 4 600 жанкүйер жиналды.

Екінші таймда алаң иелері сапынан Игорь Гагаев қақпашымен бірге-бір шығып, тепкен добы қақпа бағанынан қайтты. Осылайша, «Хан-Тәңірі» 3 ойын қатарынан гол жібермей келеді.

 

«Ақтөбе Ж» - «Қыран» - 0:2

Голдар: Алишан Жалилов, 9 минут (0:1), Ислам Умаров, 51 минут (0:2)

Алаңнан қуылған: Нұрлыбек Қашқанқұл («Ақтөбе Ж»), 49 минут

Ойын басындағы қорғаушылардың өрескел қателігінен Алишан Жалилов есеп ашты. Екінші тайм бастала сала, алаң иелері 1 ойыншыларынан айырылған соң, «Қыран» жеңісті есепті ұстап қалды. Бұл шымкенттік клубтың маусымдағы бірінші жеңісі.

 

«Қайсар Жас» - «Екібастұз» - 0:0

Қызылордадағы матч алма-кезек шабуылмен өрбіді. «Қайсар Жас» та, «Екібастұз» да шабуылдарын нәтижеге айналдырма алмады. Әсіресе қонақтар керемет мүмкіндіктерін қолданбады. Есеп: 0:0

 

«Ұлытау» - «Жетісай» - 0:1

Гол: Рамазан Абылайхан, 75 минут (0:1)

Статистикаға назар аударсақ, командалар бірдей 9 соққыдан жасады. Бірақ кездесуде «Жетісайдың» ірі есеппен жеңуге мүмкіншілігі болды. Бірінші таймда қақпашымен бірге-бір шыққан қонақтардың добы қақпа жақтаушысынан қайтса, екінші сәтте қорғаушы құтқарып қалды.

Екінші таймда да «Жетісайдың» басымдылығы көзге көрініп тұрды. Нәтижесінде 75-ші минутта Рамазан Абылайханның жеке шеберлігінің арқасында жеңіс голын соқты. Қалған уақытта алаң иелері допты алға асырып, гол соғуға тырысқанымен, «Жетісай» есептегі басымдығын сақтап қалды.

 

«Түркістан» - «Тараз» - 2:0

Голдар: Ниет Мүтәлі, 45 минут (1:0), Бекзат Ермекбаев, 90+3 минут (2:0)

Алғашқы тайм өте сылбыр өтті. Тек соңғы минуттардағы Ниет Мүтәлінің голы қонақтарды оятты. Екінші таймда фаворит саналған «Тараз» футболшылары тайлы-тұяғымен шабуылға шыққанымен, доп «Түркістанның» қақпасына кірмей қойды. Ал қарымта шабуылға иек артқан алаң иелері қосымша минутта қақпашымен жеке дара шығып, ойын нүктесін қойды.

 

«Қайрат Жастар» - SD Family - 3:3

Голдар: Артем Литош, 7 минут (1:0), Ибрагим Дадаев, 13 минут (1:1), Даниил Цой, 14 минут (1:2), Артем Литош, 38 минут (2:2), Ибрагим Дадаев, 69 минут (2:3), Александр Широбоков, 81 минут (3:3)

Алматы мен Астана қаласының клубтары арасындағы матчтар үнемі тартысты өтеді. Бүгінгі ойын соның дәлелі. 2 тур бойы қарсыластар қақпасына ең көп шабуыл жасаған «Қайрат» жастарының осы кездесудегі шабуылдары өз нәтижесін беріп, 3 гол соқты. Қонақтар да 3 голмен жауап қатты. Жанкүйерлер үшін матч қызықты өткенімен, қос қоманданың да қорғаныс шебінде қателіктер бар екендігі айқын көрінді. Дегенмен, гол аз соғылған тур үшін бұл ойын әдемі нүктесін қойды.

 

Айта кетейік, «Ақжайық» - «Каспий» арасындағы кездесу Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай режиміне байланысты кейінге шегерілді. 1XBET QFL Бірінші лигасының келесі туры 25-26 сәуір күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.