KZ
KZ RU
27 сәуір 2024 16:06
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

4-ші тур қорытындысы: «Екібастұз» топ бастады

27 сәуір 2024 16:06

25-26 сәуір күндері 1XBET Бірінші лигасы аясындағы 4-ші турында «Қайрат-Жастар» сенсациялық жеңіске қол жеткізсе, «Екібастұз» өз қақпаларына гол жібермей, көш бастады.

Қандай жайттар тіркелді?

-        7 ойында 21 гол соғылды;

-        40 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды;

-        «Түркістан» клубы бірде-бір ескерту алмады;

-        «Екібастұз» клубы әзірше 4 тур бойынша өз қақпаларына гол жібермеді;

-        «Каспий» ғана 100% көрсеткішпен қарсыластарын жеңіп келеді;

-        «Каспийдің» өткізген 3 ойынында да футболшы алаңнан қуылды;

-        3 тур бойы қақпаларын аман сақтап келген «Хан-Тәңірі» кезекті ойында 3 гол жіберді;

-        4 турдың қорытындысы бойынша, «Қайрат-Жастар» командасы ең көп 80 соққы бағыттады;

-        «Алтай» чемпионаттағы алғашқы голын соқты;

-        «Тараз» клубы ғана камбэкпен жеңіске жетті.

«Түркістан» - «Қайсар Жас» - 0:0

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 2:8

Топ басында келе жатқан «Түркістан» айқын фаворит болса да, Қызылорда командасы матчтың басым бөлігінде көсіліп ойнады. 5 мәрте қақпашымен бірге-бір шықса да, «Қайсар Жас» өз мүмкіндіктерін қолдана алмады. Қонақтар соңғы минутта қақпашыдан айласын асырғанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Кездесудің сөзсіз қаһарманы – «Түркістан» клубының қақпашысы Дәурен Тоқмағамбетов.

 

«Екібастұз» - «Ақтөбе Ж» - 3:0

Голдар: Анатолий Красотин, 40 минут (1:0), Мирас Тұрлыбек, 48 минутта пенальти (2:0), Тамерлан Агиманов, 55 минут (3:0)

Соғылмаған пенальти: Асланбек Кәкімов («Екібастұз»), 90+3 минут

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 7:5

1ХВЕТ QFL Бірінші лиганың фавориті – «Екібастұз» бірінші рет өз стадионында доп тепті. Нәтижесінде жанкүйерлердің көңілін қалдырмай, сенімді тұрде қарсыластарын жеңді. Тек соңғы минутта Асланбек Кәкімов пенальтиден мүлт кетіп, әлі де болсын 1ХВЕТ QFL Бірінші лигада гол соға алмай келеді.

«Каспий» - «Ұлытау» - 3:2

Голдар: Ерлан Қадырбаев, 12 минут (1:0), Жасұлан Молдақараев, 32 минут (1:1), Ерлан Қадырбаев, 57 минут (2:1), Бекзат Қабылан, 77 минут (3:1), Нұрлыбек Аязбаев (автогол), 90+4 минут (3:2)

Алаңнан қуылған: Рафкат Аслан («Ұлытау»), 74 минут

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 7:3

Ұзақ уақыттан кейін Жаңаөзен қаласына оралған футбол мерекесінде жанкүйерлер 2 ойын қатарынан 5 голға куә болды. «Каспий» жылдам есеп ашқанымен, қонақтар сапынан ең көп қауіп туындататын Жасұлан Молдақараев ақыры Бірінші маусымдағы голын соға алды. Екінші таймда қонақтар есепте алға шығуға керемет сәт туындатқанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Ал алаң иелерінің орындаған айып соққысынан кейін «Ұлытау» қақпашысы сызықтың ішінен қайтарып, қателікке бой алдырды. 77-ші минутта Бекзат Қабыланның керемет айып соққысы ойын тағдырын шешіп тастайды. Тіпті соңғы секундтағы «Каспий» қақпашысының өрескел қателігі «Ұлытауға» тең есепке үміт қалдырмады.

 

«Хан-Тәңірі» - «Қайрат-Жастар» - 0:3

Голдар: Александр Широбоков, 19 минут (0:1), Глеб Валгушев, 38 минут (0:2), Мадияр Нұралы (автогол), 49 минут (0:3)

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 2:8

3 тур бойы қақпаларына гол жібермей келген «Хан-Тәңірі» талантты «Қайрат-Жастар» ұжымына төтеп бере алмады. Ысқырық шалынған сәтте шабуылын қарша боратқан қонақтардың қарқыны өз жемісін берді. Жалпы матч бойы «Қайрат-Жастар» керемет ойын үлгісін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуанта білді. 4 турдың қорытындысы бойынша «Қайрат-Жастар» ең көп 80 соққы бағыттап, оқ бойы алда келеді.

 

«Оқжетпес» - SD Family - 4:1

Голдар: Срджан Димитров, 18 минутта пенальти (1:0), Захар Порох, 49 минут (2:0), Сұлтан Сағнаев, 74 минутта пенальти (2:1), Қобыланды Камариден, 86 минут (3:1), Қобыланды Камариден, 90+2 минут (4:1)

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 8:3

2 тур бойы қарсыластарына гол соға алмай келген «Оқжетпес» клубы өз алаңында жанкүйерлердің жалынды қолдауымен SD Family ұжымынан ірі есеппен басым түсті. Алаң иелері 4 гол салғанымен, «Оқжетпес» сапынан шабуылшы Дәурен Жұматтың еш жолы болмай-ақ қойды. Кездесу 74 минуттан соң, тартысқа толы болып, қонақтар барынша есепті теңестіру ұмтылды. Осы сәтті алаң иелері ұтымды пайдаланып, қарымта шабуылдарда есепті ұлғайтып кетті. Есеп: 4:1

 

«Тараз» - «Алтай» - 3:1

Голдар: Илья Лапшин, 20 минут (0:1), Бауыржан Рахмет, 25 минут (1:1), Димаш Серікұлы, 60 минут (2:1), Жандос Өмірзақов, 73 минут (3:1)

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 5:2

17 жастағы Илья Лапшин «Алтай» клубының осы маусымдағы бірінші голын соқты. 2 жылдан кейін алаңға оралған Сергей Хижниченко гол салмаса да, нәтижелі пас шығарып берді. Алаң иелері де қарап қалмай, камбэк жасап кетті. Әсіресе, екінші таймда Димаш Серікұлы допты шиыра теуіп, «Таразды» алға шығарса, Жандос Өмірзақовтың алыстан тепкен добын қақпашы ұстай алмады. Есеп: 3:1

«Қыран» - «Жетісай» - 0:1

Гол: Рамазан Абылайхан, 73 минут (0:1)

Қақпаға бағытталған тура соққылар статистикасы: 3:3

Екінші лигадан келген «Жетісай» кезекті турда Бірінші лигада 5-орын алған «Қыранды» ұтып кетті. Матчта клубтардың басымдығы байқалмады. Тек екінші таймда өткен ойындағыдай бұл матчта да Рамазан Абылайхан керемет пасты пайдаланып, жеңіс голын соқты. Нәтижесінде «Жетісай» 3 ойын қатарынан өз қақпаларына гол жібермей, турнир кестесінде 3-орынға көтерілді.

 

Айта кетейік, «Ақжайық» - «Арыс» арасындағы кездесу Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай режиміне байланысты кейінге шегерілді. 1XBET QFL Бірінші лигасының келесі туры 2-3 мамыр күндері өтеді. Ойындарды Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін сайтымызда және QFL әлеуметтік желілерінде сараптамалық мақалалар, статистикалық ақпараттар мен әр ойынның бейнешолуы қолжетімді.