РУС ҚАЗ
OLIMPBET-Чемпионаты
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-Кубогы
  • OLIMPBET-Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • OLIMPBET-Суперкубогы
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарФиналға апарар жол

26 Қараша 2021, 11:48

Қос финалист өз жолдарын маусымның соңғы ойынына OLIMPBET-Қазақстан Кубогының топтық кезеңінен бастады. Бұл кезеңге олар жарыстың регламенті бойынша жоғарғы лиганың 14 командасы және бастапқы кезеңнен сүрінбей өткен №8 БЖМОРСМ (Нұр-Сұлтан) және «Мақтаарал» (Түркістан облысы) командаларының сапында қатысты.

«Қайраттың» өткен жолы

Алматылық ұжым аталмыш жарысты қазақстандық маман Кирилл Кекермен бастады. Олар бірден екі турнирде өнер көрсетті — Кубоктық ойындардан бөлек, олар УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде ойнады. Сол себепті Қазақстан Кубогында олар алаңға негізгі құраммен қоса жастарды да шығарып тұрды. Мұндай эксперименттер бір жағынан алматылық командаға жас ойыншыларды сыннан өткізіп, олардың мүмкіндігін тексеруге жол ашты. 

OLIMPBET-Қазақстан Кубогының алғашқы ойынында алматылықтарға жеңісті клубтың жас түлектері алып келді. Андрей Ульшин «Жетісумен» болған ойында Данияр Үсенов берген пасты сәтті пайдаланып, кездесудегі жалғыз және жеңіс голын салды.

Екінші кездесуде «Қайрат» «Каспийге» қарсы тағы да аралас құраммен шықты. Алайда бұл ойында алматылық командаға Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы Данил Устименконың ерте алаңнан қуылуы және шабуылшы Жоао Паулоның жарақаты кедергі болды. Алматылық ұжымның бапкерлік штабына қақпаға 18-жасар Темірлан Анарбековті және алаңға оның қатарласы Ғалымжан Кенжебекті шығаруын а тура келді. Нәтижесінде құрамында Никола Цуцкич және Алексей Залеский сынды тәжірибелі легионерлер бар ақтаулық команда жеңіске қол жеткізді.

«Тұранмен» болған ойында алматылықтар алаңға бірыңғай жастарды шығарды — негізгі құрамда 18-жасар Владислав Кравченко, 19-жасар Сағи Әнет, 17-жасар Александр Мрынский, 19-жасар Әділет Садыбеков және 19-жасар Денис Митрофанов шықты. Бұл ойынның тағдырын түркістандық команданың легионері Стенли Нкоби шешті.

Осылайша жарыстың үш турынан кейін «Қайраттың» қоржынында бар болғаны 3 ұпай болды. Кубоктың екінші айналымы алматылықтар үшін Түркістан қаласында басталды. «Тұранмен» болған қарымта ойында олар кездесудің 19-шы минутында Андрей Ульшин, Артур Шушеначев және Гүлжігіт Алықұловтың көмегімен 3:0 есебімен алда болды. Бірақ екінші таймда «Қайрат» командасының бапкерлері еурокубоктарда өнер көрсететін  негізгі құрам ойыншыларына демалыс беріп, олардың орнына жас ойыншыларды шығарып, жеңісті қолдан жіберіп алды.

«Жетісу» командасымен болған ойында Кирилл Кекер тәуекелге бармай, алаңға мықты ойыншылардың бәрін шығарып,  3:0 есебімен жеңіске жетті.  Бұл кездесуде голдарды Раде Дугалич және дубльдің авторы атанған Артур Шушеначев соқты. Параллель ойында «Каспий» «Тұраннан» басым түсіп, топта бірінші орынды жеңіп алды.

Соңғы турда «Қайратқа» «Каспийді» ұту ауадай қажет болды. Олар бұл жетістікке оңай қол жеткізді — Хосе Канте, Айбол Абикен және Раде Дугалич (дубль) соққан голдар алматылық командаға 4:2 есебімен жеңіс сыйлады және жарыстың ¼ финалына өтуге мүмкіндік берді. Айта кетерлік жайт, бұл ойында команданың бас бапкерінің қызметін атқарушы Артем Гавриленко болды. 

Ал плей-офф ойындарында команданың тізгінін тәжірибелі Құрбан Бердыев ұстады. Бұл шешім алматылықтарға жарыстың ¼ финалында қызылордалық «Қайсардан» сүрінбей өтуіне септігін тигізді. Екі ойын қорытындысы бойынша олар «Қайсар» қақпасына 5 гол соғып, өз қақпасына гол соғуға мүмкіндік бермеді. Аталмыш ойындарда голдардың авторлары Вагнер Лав, Артур Шушеначев, Хосе Канте және Рикарду Алвеш болды. 

Жартылай финалда «Қайратқа» қарсылас «Астана» футбол клубы атанды. Елордалық команда жартылай финалдың бірінші ойынында дисквалификация кесірінен бірнеше тәжірибелі ойыншыларсыз қалды. Кездесу 3:0 есебімен аяқталды. «Астана Арена» стадионында Хосе Канте, Артур Шушеначев және Раде Дугалич нәтижелі соққылардың авторлары атанды. Екі ойын қорытындысы бойынша алматылық «Қайрат» финалға жолдама алды. 

 

«Шахтердің» өткен жолы

Қарағандылық клуб бір топта Чемпионатта жүлделі орындарға талас жүргізген «Ордабасы» және «Қызыл-Жар СК», сонымен қатар Бірінші лига өкілі № 8 БЖМОРСМ командасымен болды.

«Шахтер» ойыншылары жарысты Шымкентте орын алған жеңілістен бастады. Олар жалғыз голды ойынның 90-минутында жіберіп алды. Келесі ойында Магомед Адиевтің командасы 3:2 есебімен «Қызыл-Жар» командасын жеңіп, бірінші ұпайға қол жеткізді. Аталмыш кездесу өте тартысты өтті. Қарағандылықтар 0:2 ұтылып жатып, дубль авторы атанған Айдос Таттыбаев пен Давид Атаноскоскидің көмегімен тағы да жеңіс дәмін сезді. 

Содан кейін «Шахтер» № 8 БЖМОРСМ командасынан екі рет басым түсіп, 11:1 ортақ есебімен қос кездесуді аяқтады. Бұл матчтарда Айдос Таттыбаев пен Оралхан Омиртаев 4,3 голдан соғып, жеңіске жетуге мүмкіндік жасады.

«Ордабасы» командасымен болған қарымта ойында «Шахтер» топтан шығу туралы барлық сұрақтарды шешіп тастады. Бұл матч 3:2 есебімен аяқталды. Голдарды Абылайхан Назымханов және Айдос Таттыбаев соқты. Алайда ойыннан кейін бұл есеп жойылды, себебі «Ордабасы» сапында ойынға қатысуға құқығы жоқ футболшы өнер көрсетті. 

Топтық кезеңнің соңғы ойынына «Шахтер» жас ойыншыларды жіберді. Сол себепті «Қызыл-Жар» қарағандылық жастарды ойсырата ұтты – есеп 8:1.

OLIMPBET-Қазақстан Кубогының ¼ финалында қарағандылықтарға «Тараз» қарсылас атанды. Бірінші ойын Тараз қаласындағы Орталық стадионда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Бұл нәтиже барлық сұрақтар қарымта ойында шешіледі дегенді білдірді. Қарағандыда болған айқаста «Шахтер» 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Голдарды Давид Атанаскоски, Мартин Тошев және Айдос Таттыбаев соқты.

Жартылай финалда Магомед Адиевтің командасы Қазақстан чемпионатың жаңа ғана жеңген «Тобыл» командасымен кездесті. Бірінші ойын ауа райының қолайсыздығынан Қарағанды қаласынан Нұр-Сұлтанға ауыстырылды. Бірақ «Шахтер» екі ойын қорытындысы бойынша қостанайлық ұжымнан басым түсіп, клуб тарихында төртінші рет финалға жолдама алды.

«Шахтер» Кубокты тек қана бір рет иеленсе, «Қайрат» бұл көрсеткіш бойынша еліміздің рекордына ие команда. Алматылықтар аталмыш жүлдені 9 рет жеңді.

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 6178 )