РУС ҚАЗ
Премьер-лига
x

Жарыстар орталығы

  • Суперкубок
  • Премьер-лига
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарПремьер-лига командаларының маусымға дайындығы

17 Қаңтар 2020, 17:23
«Астана»
 
«Астана» футбол клубы Португалияда оқу-жаттығу жиынын бастады. Бас бапкер қызметіне ұлттық құраманың жаттықтырушысы Михал Билек тағайындалды. «Астана» футболшылары Португалияда ағылшынның «Брентфорд» командасымен спарринг өткізіп, «Атлантик Кап» халықаралық турниріне қатысады. Турнирдегі қарсыластары - «Копенгаген», «Брондбю», «Орхус» (барлығы - Дания), «Норчеппинг», «Хеккен» (екеуі де - Швеция), «Славия» (Чехия), «Волеренга» (Норвегия).
 
 
«Қайрат»
 
«Қайрат» алғашқы дайындығын Алматыда өткізіп, екінші жиында Түркияда жиналмақ. Оқу-жаттығу жиыны 18-30 қаңтар аралығында Белекте өтеді. Алексей Шпилевский шәкірттері Польшаның «Легия» командасымен екі рет ойнап, киевтің «Динамо» және болгариялық «Лудогорец» командаларымен де сынға түседі. 
 
Армения құрамасының ойыншысы Камо Оганесян «Қайрат» қатарын толықтырды. Футболшы өткен маусымда талдықорғандық «Жетісу» сапында ойнады. 
 
 
 
«Ордабасы»
 
«Ордабасы» футболшылары жиынды Шымкент қаласында бастады. Ел чемпионатының қола жүлдегерлері Түркияға 23 қаңтарда барады. Шымкенттік клубтың қатарынан Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Марат Быстров, Дмитрий Непогодов, Алексей Щеткин кетіп, Сергей Хижниченко қайта оралды. 
 
 
«Тобыл»
 
«Тобыл» футболшылары маусымға дайындықты Біріккен Араб Әмірлігінде өткізіп жатыр. Қостанайлық команда Словакияның жеті дүркін чемпионы «Жилинамен» жолдастық матч ойнайды. 
 
Өткен аптада «Тобыл» Армения құрамасының ойыншысы Петрос Аветисянмен келісімшартқа отырды. Сонымен қатар, Дмитрий Мирошниченкомен келісімшартын жалғастырып, Асланбек Кәкімовтің командадан кеткенін хабарлады. 
 
 
«Жетісу»
 
«Жетісу» футболшылары Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында екі жолдастық кездесу өткізді. Түркияның «Беледиеспор» командасын 3:1 есебімен ұтып, әзірбайжандық «Сабаилдан» басым түсті - 1:0. 19 қаңтар күні Дмитрий Огай шәкірттері косоволық «Балкани» және 22 қаңтарда әзірбайжандық «Карабахпен» ойнайды.
 
Команда капитаны, литвалық Мантас Куклис келесі маусымда командада қалмайтыны белгілі болды.
 
 
 
 
«Қайсар»
 
Екі апта бойы Түркияде тер төгіп, маусымға дайындалып жатқан «Қайсар» футболшылары алты ойыншыны ресми таныстырды. Олар қазақстандық қорғаушылар Елдос Ахметов, Бағдат Қайыров, Қуаныш Қалмұратов, украиналық центрбек Ризван Аблитаров, Кабо-Верде жартылай қорғаушысы Алвин Фортес және грузиялық форвард Элгуджа Лобжанидзе.
 
 
«Оқжетпес»

Түрік жағалауында жаттығу жасап жүрген «Оқжетпес» екі ойын өткізді. Венгрияның МТК командасынан 1:3 есебімен ұтылып, Румынияның «Волунтари» командасымен тең түсті - 1:1. Көкшелік футболшылар енді Ресейдің «Роторымен» ойнайды. 
 
Клубтың баспасөз қызметі Милан Стоянович, Дарко Зорич, Пламен Димов, Артем Дмитриев, Руслан Абжанов және Ярослав Багинский сынды футболшылардың командада қалғанын хабарлады. Сонымен қатар, белорус қорғаушысы Алексей Гаврилович келісімшартқа отырған.  
 
 
 
«Ertis»
 
«Ertis» футболшылары бес ойыншыны таныстырды. Беларусь қақпашысы Сергей Черник, Грузия чемпионатының үздік шабуылшысы Леван Куталия, аргентиналық жартылай қорғаушы Пабло Подио, черногориялық Боян Санкович пен серб Марко Томич.
 
 
 
«Шахтер»

Қарағандылық футболшылар оқу-жаттығу жиынында Германияның «Карл Цейсс» командасын 3:2 есебімен ұтты. Гол соққандар - Сергей Зенев, Марат Шахметов және Павел Кривенцев.
 
 
 
«Тараз»
 
«Тараз» командасына жаңа бапкер тағайындалды. Ол тәжірибелі қазақстандық маман - Владимир Никитенко. 
 
 
«Қызыл-Жар СК»
 
Премьер-лигаға қайта оралған қызылжарлық футболшыларды молдовалық маман Вячеслав Руснак жаттықтырады. Түркияда өткен екі ойында команда жеңіліп қалды. Венгрияның «Будаерш» (1:3) және Румынияның «Петролул» (0:2). 
 
 
«Каспий»
 
«Каспий» футболшылары Түркияда бас қосты. Бес жолдастық матч жоспарланған. Алғашқы ойын сәтсіз аяқталды. Болгарияның ЦСКА командасы маңғыстаулықтардың қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.
 
 
 

 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5644 )