РУС ҚАЗ
Қазақстан Кубогы
x

Жарыстар орталығы

  • Қазақстан Кубогы
  • Премьер-лига
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

Жаңалықтар Мұрат Тілешев: «Финалда әдемі әрі әсерлі футболдың жанкүйері боламын»

01 Қазан 2019, 19:00
Қазақстан Кубогының тарихында ең көп гол соққан футболшылардың бірі - қазіргі таңда қарағандылық «Шахтер» футбол клубының спорт директоры, отандық футболдың голеадоры Мұрат Тілешев. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы оны алдағы финалдың елшісі ретінде таңдап, «Қайсар» - «Атырау» ойыны қарсаңында сұхбат алды.
 
- Мұрат Әзімбекұлы, Қазақстан Кубогының финалына үш рет қатыстыңыз. Ойындардың бір-бірінен айырмашылығы бар ма?
- Финалдың тартыстары әрқашан қиын. Психология, дайындық және ерік-жігер маңызды рөл атқарады. Кездесуде жеңіске деген жігері мол команда басым түседі.
 
- Сол финалдардың ішінде ең есте қалғаны қайсы?
- 2001 жылы «Жеңістің» сапында «Ертіске» қарсы алаңға шығып, жеңіске жеттік. Сол жылы 21 жаста едім. Ойында нәтижелі пас шығарып, жеңістен керемет әсер алдым.
 
- Биыл УЕФА Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіне қатысу құқығын беретін жүлдеге «Қайсар» мен «Атырау» таласады. Командалар биылғы маусымда қай жағынан көзге түсті.
 
- Екі команда да биыл жақсы ойын көрсетіп жүр. «Қайсар» футболшылары шабуылда ойнады. «Атырау» футболшыларының қорғанысы мен тәртібі мықты. Ел кубогының финалына екі команда да лайықты жолдама алды деп санаймын.
 
- Қазақстан Кубогының аясында өткен ойындарда 23 гол соқтыңыз. Ең жоғары көрсеткіш. Бірінші орынды тағы бір аты аңызға айналған шабуылшы Андрей Финонченкомен бөлісіп тұрсыз. Осы көрсеткішті қуып жететін футболшы бар ма?
 
- Кубок ойынының деңгейі басқа. Сол себепті гол соғу қиын. Андрей Финонченко екеуіміз көрсеткішті көтеріп тастадық. Алайда, ерте ме кеш пе бәрібір рекорд бұзылады. Бұл – спорттың бір бөлігі. Біздің көрсеткіштің жаңартылғанын қалаймын! Мен тек қуанамын!
 
- 2015 жылы «Атырау» футбол клубының намысын қорғадыңыз. Финалда «мұнайшыларға» бүйрегіңіз бұра ма? Ел кубогының финалынан не күтесіз?
 
- Финалда әдемі әрі әсерлі футболдың жанкүйері боламын. Қызықты әрі тартысты ойын күтемін. Еуропа Лигасының жолдамасы сарапқа салынады. Жасыл алаңда жаңылуға болмайды. Чемпионаттағы жағдайын қараудың қажеті шамалы. Финалда ешқашан айқын фаворит болмаған. Екі команданың мүмкіндігі тепе-тең.
 
- Қазіргі қызметіңізге тоқталып өтсеңіз. Футболшыдан функционерге ауысу қиын емес пе?
- Кез келген жұмыстан ләззат алуға тиіспіз. Мен оны жеңістермен, орындалған нәтиже арқылы аламын. Футболдан басқа салада өзімді көрмеймін. Сол себепті барлығы мен ойлағанан жақсы болды. «Шахтер» футбол клубы үшін атқарып жатқан жұмыстар жемістерін беріп жатыр. Биылғы маусымда негізгі құрамға көптеген жергілікті футболшылар тартылды. Жақсы ойын өрнегін көрсете бастадық. Ең басты мақсат – қарағандылық клубтың бұрынғы атағын қайтару. 

 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5504 )