РУС ҚАЗ
Бiрiншi лига
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

Жаңалықтар2018 жылғы Бірінші Лиганың үздіктер құрамасы

21 Желтоқсан 2018, 12:38

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы Бірінші Лиганың үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Үздіктер құрамасы ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының әр турдың қорытындысы бойынша сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Нұрымжан Салайдин, «Байқоңыр»

23 жастағы қақпашы сенімді ойынымен көпшілікті таңғалдырды. Қызылордалық голкипер қақпасына сегіз ойында гол жібермеді. Қарсыластарының соққысының 79 пайызын қайтара алды. Сейв саны – 19. Орташа ойын индексі – 207. Маусымда үш рет үздіктер құрамасына енді.

Сол жақ қорғаушы: Сағадат Тұрсынбай, «Тараз»

Бірінші лиганың ең үздік жас ойыншысы атанған Сағадат Тұрсынбай үшін маусым табысты аяқталды. 19 жастағы қорғаушы өз қапталын берік ұстап, қарсыластың қақпасын жиі мазалады. Соққан голдарының саны – 6. Нәтидежелі пас – 1. Пастарының тиімділігі – 75 пайыз. Орташа ойын индексі – 200. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Орталық қорғаушылар: Берік Айтбаев, «Тараз»; Әлібек Қасым, «Қайрат А»

Бірінші лиганың үздік орталық қорғаушысы атағын жарты маусым ойнаған Берік Айтбаев иеленді. «Тараздың» қорғанысын мықтап ұстаған футболшы допқа таластың 73 пайызында жеңіске жетті. Орташа ойын индексі – 219. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

«Қайраттың» қорғаушысы алғашқы пасты әдемі бере алады. Сонымен қатар, позиция таңдау мен қарсыластың ойынын оқуды жақсы меңгерген. Әуедегі допқа да жақсы таласады. Пастарының дәлдігі – 84 пайыз. Орташа ойын индексі – 205. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Оң жақ қорғаушы: Мадияр Нұралы, «Тараз»

«Тараздың» қорғанысының сыр бермеуінде Мадияр Нұралының да еңбегі бар. 23 жастағы қорғаушы маусым бойы тұрақты ойын көрсетті. Дәл пастарының саны бойынша да жоғары көрсеткішке ие – 1405. Орташа ойын индексі – 204. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Орталық жартылай қорғаушы: Виталий Гошкодеря, «Оқжетпес»

Маусымды жақсы өткізген Виталий Гошкодеря команданың көшбасшыларының бірі болды. Ол орталық алаңдағы ойынға жауапты болды. Украиналық легионер қарсыластың шабуылын бұзып, командасының шабуылын ұйымдастырумен айналасты. Екі гол соғып, екі нәтижелі пас шығарды. Орташа ойын индексі – 220. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Тимур Байжанов, «Оқжетпес»

Тимур Байжанов маусымның алғашқы бөлігінде «Таразға» көмектесіп, үзілістен кейін «Оқжетпестің» ойынын жүргізді. Вингер шабуылды ұйымдастырудың әртүрлі тәсілдерін қолданды. Үш гол соғып, сегіз нәтижелі пасты еншісіне жазды.  Орташа ойын индексі – 209. Маусымда бес рет үздіктер құрамасына енді.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Алибобо Рахматуллаев, «Қыран»

«Қыран» командасы өтпелі ойындарға жолдама алып, «Ертіске» есе жіберді. Ұжымның үздік ойыншыларының бірі Алибобо Рахматуллаев еді. Нағыз диспетчер он рет нәтижелі пастың авторы атанды. Өзбек футболшысының соққан үш голы оның үздіктер құрамасына лайық екенін көрсетеді. Орташа ойын индексі – 185. Маусымда бес рет үздіктер құрамасына енді.

Шабуылдаушы жартылай қорғаушы: Абзал Таубай, «Тараз»

Өткен маусымда «Тараздың» ойыны Абзал Таубайдың төңірегінде құрылды. Плеймейкер міндетін Абзал абыроймен атқара білді. Нәтижесі – 8 гол, 5 нәтижелі пас. Орташа ойын индексі – 196. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Шабуылшылар: Абылайхан Махамбетов, «Қыран»; Санат Жұмаханов, «Оқжетпес»

Абылайхан Махамбетов – маусым үздігі. «Қыран» шабуылшысы жаңа қырынан танылып, қарсыластарының қақпасына 20 рет теңбіл допты дарытты. Ойынды қолға алудан саспайтын шабуылшының дриблингтер саны – 175. Оның 82-і сәтті аяқталған. Орташа ойын индексі – 196. Маусымда алты рет үздіктер құрамасына енді.

Санат Жұмаханов – Бірінші лиганың ең пайдалы ойыншысы. «Оқжетпес» осы шабуылшының арқасында жеңімпаз атанды. Маусымда 19 гол соғып, 12 рет нәтижелі пас шығарған футболшы ең үздік ойыншылардың қатарына бірден ілікті. Орташа ойын индексі – 228. Маусымда сегіз рет үздіктер құрамасына енді.

 

 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5089 )