РУС ҚАЗ
Қазақстан Кубогы
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарҚазақстан Кубогының шешуші ойындарының жылнамасы

19 Қараша 2018, 15:24

 

Қазақстан Республикасының алғашқы кубогы 1992 жылы алматылық «Қайрат» пен жамбылдық «Фосфор» арасында өтті. Шешуші ойынды Алматының Орталық стадионы қабылдаған еді. Қазақ футболының жаңа тарихындағы алғашқы кубокты алматылық «Қайрат» жеңіп алды. «Қайрат» футболшылары қарсыластың қақпасына бес гол соқты. «Фосфор» бір доппен жауап қайтарды.

 

1993 жылы Қазақстан Кубогында алматылық «Достық» топ жарды. Финалда «Достық» футболшылары «Тараздан» 4:2 есебімен басым түсті. Бір жылдан кейін өскемендік «Восток» алғашқы кубогын иеленді.

 

1995 жылы «Восток» табысын Семейдің «Елімайы» қайталады. Шешуші ойында «Елімай» шымкенттік «СКИФ-Ордабасыны» ұтты. Жеңіс голын соққан – жартылай қорғаушы Андрей Мирошниченко.

 

1996 жылдан бастап Қазақстан Кубогы «күз-көктем» жүйесі бойынша өтті. Жаңа турнирдің іріктеу ойындары 1996 жылы өтсе, финал 1997 жылдың сәуіріне белгіленді. Сол жылы шешуші бәсекеде алматылық «Қайрат» пен өскемендік «Восток» сынға түсті. Ойын 2:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.

 

1998 жылы Қазақстан Кубогында жеңіске жеткен команда павлодарлық «Ертіс» болды. Олар финалда қызылордалық «Қайсар-Hurricane» командасымен жолығып, қосымша уақытта 2:1 есебімен айласын асырды. Бұл жолы да кубок ойындары бір жыл бұрынғы жүйемен ұйымдастырылды.  

 

Келесі жылы «Қайсар-Hurricane» футболшылары алға қойған мақсаттарын орындап, финалда жеңіске жетті. Шешуші сында «Восток-Алтын» қарсылас атанған еді. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Дәлдік танытқан «Қайсар» футболшылары.

 

Әрі қарай Астанада өткен финалда алматылық «Қайрат» мен қызылжарлық «Аксесс-Голден-Грейн» кездесті. Ойында алматылықтар 5:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді.

 

2001 жылы Қазақстан Кубогы «көктем-күз» жүйесіне қайта оралды. Сол маусымда елордалық «Жеңіс» топ жарған еді. Кейін алматылық «Қайрат» пен тағы да «Жеңіс» Қазақстан Кубогының иегері атанды. 2004 жылы қос астананың сериясын «Тараз» тоқтатты. Жамбылдық футболшылар финалда алматылық «Қайратты» ұтты. 2005 жылы елордалық «Жеңіс» үшінші мәрте Қазақстан Кубогын иеленді.

 

2006-2010 жылдары Қазақстан Кубогы бір қаладан екінші қалаға көшумен болды. Ең алдымен жас ұжым «Алматы» жеңіске жетті. Кейін «Тобыл», «Ақтөбе» және елордалық «Локомотив» жеңімпаз атанды.

 
 
 

 

2011 жылы шымкенттік «Ордабасының» бағы жанды. Финалда Мұхтар Мұхтаров соққан голдан кейін «Ордабасы» футболшылары қостанайлық «Тобылдан» басым түсті. Келесі маусымда Кубок Астанаға қайта оралды. Елордалық футболшылар павлодарлық «Ертістің» қақпасына жауапсыз екі гол соғып, екінші мәрте кубокты жеңіп алды.


 
 
 
 

2013 жылы Қазақстан Кубогының жаңартылған нұсқасы ойнатылды. Жүлде алғаш рет Қазақстан Кубогында жеңіске жеткен қарағандылық «Шахтер» командасына бұйырды.

 

2014 жылдың қарашасында Қарағандыда бір жыл тұрған кубок үшін «Қайрат» пен «Ақтөбе» таласты. Тартысты ойын 4:1 есебімен алматылықтардың жеңісімен аяқталды. Бір жылдан соң «Қайрат» жеңіс жолын қайталады. Бұл жолы шешуші сында алматылықтар елордалық «Астананы» 2:1 есебімен ұтты.

 

2016 жылы Станимир Стоилов шәкірттері «Қайраттан» қарымта қайтарып, елордалық футболшылар үшінші мәрте ел кубогының иегері атанды. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды конголық легионер Джуниор Кабананга соқты.

 

Өткен жылы Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Ақтөбеде өтті. Бас жүлдеге «Қайрат» пен «Атырау» таласқан болатын. Жерар Гоу соққан жалғыз голдан соң алматылықтар Қазақстан Кубогын сегізінші рет көкке көтерді. 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5040 )