РУС ҚАЗ
OLIMPBET-Чемпионаты
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • OLIMPBET-Кубогы
  • OLIMPBET-Суперкубогы
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарМохамед Арури: «Қазақстан футболында ақшадан басқа да қызықтар көп»

19 Желтоқсан 2013, 11:17
Осы уақытқа дейін Қазақстан футболында Солтүстік Африкадағы Араб елдерінен тек екі-ақ ойыншы ойнапты. Оның бірі — Таофик Салхи болса, екіншісі - Мохамед Арури. Екеуі де өздерін жақсы қырларынан көрсете алды. Дегенмен, Қазақстан футболындағы легионерлер жасына байланысты регламентке сәйкес, "Ордабасы" қорғаушысы Мохамед Арури келесі маусымнан бастап Қазақстанда доп тебе алмайды деген сыбыстар шыққан. Айта кетейік, Аруридің шымкенттік клубпен әлі бір жылдық келісімшарты бар. Ал Мохамед келісімшарты аяқталғанша Қазақстанда доп тепкісі келеді.
 
— Мохамед, білуімше соңғы күндері Еуропаның бірнеше елдерінде болып қайттыңыз. Демалдыңыз ба?
— Иә, Еуропада демалдым. Алдымен Белградтан бастадым. Сосын Будапештке бардым. Одан кейін Венаға аялдап, Мюнхенге жол жүрдім. Парижге соқтым. Сөйтіп кеше өз елім Туниске жеттім. Енді командамның бірінші жаттығу жиынына дайындалып жатырмын.
 
— Жиындар қашан басталады?
— Иншаллах, 5 қаңтарда Анталияда боламын. "Ордабасының" жиыны сол күні Анталияда басталады.
 
— Сіз қазір Украинада тұрасыз ғой?
— Иә, екі жыл болды сонда көшкеніме.
 
— Қазақстанда доп теуіп жүргеніңізге біршама жыл болып қалды. Дегенмен, сіз туралы жанкүйерлердің білетіні аз...
— Футболшылық карьерамды Тунисте бастағанмын. Сосын Литвада доп тептім. Артынша Украинаға қоныс аударып, енді міне қазақ жерінде футбол ойнап жүрмін.
 
— Тунистің чемпионаты мықты ма?
— Иә, өте мықты және қарымды футболшылар өте көп. Сырттан келетін мықты легионерлер де аз емес. Бәрі ары кетсе 2-3 жылға келеді де, Еуропаның еңселі біріншіліктеріне ауысып кетеді. Яғни, Тунисті бірінші кезекте баспалдақ ретінде қарастырады. Ал Тунистің чемпионаты Еуропаның скауттары үшін өте қызықты.
 
— Ал сіздің елде Қазақстан футболы жайлы не біледі?
— Өткен жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде "Ордабасы" Сербияның "Ягодинасын" жеңді ғой. Тунистің футболсүйер қауымы содан бастап Қазақстан футболына қызыға бастады. Биыл олар қарағандылық "Шахтердің" өнеріне қол соқты.
 
— Жалпы, Қазақстан сізге ұнай ма? Шымкентке үйрендіңіз бе?
— Қазақстанда мықты командалар өте көп. Жыл сайын чемпионаттың деңгейі өсіп келеді. Өзіме Қазақстан өте ұнайды. Әсіресе, Шымкент. Ең бастысы - жанкүйерлер мені жақсы көреді. Мен де оларды сүйемін. Қазақстанда мен өз елімде жүргендей сезінемін.
 
— «Ордабасының» 2013 жылғы көрсеткішіне қандай баға бересіз?
— Менің ойым: 2013 жылы жақсы өнер көрсеттік. Дегенмен, одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізер едік, бірақ маусымның соңында біраз ойыншыларымыз жарақат алып қалдыү Соған қарамастан, бұл маусым сәтті болды.
 
— Шымкенттің жанкүйерлерімен тіл табысу қиын емес пе?
— Негізі, "Ордабасының" жанкүйерлері ерекше. Олар футболшыларды бауырындай жақсы көреді. Командаға нағыз берілгендер. Біз үшін тұрып беруге дайын. Олардың махаббатын қайда жүрсем де сезінемін.
 
— Футболшылық карьераңызды аяқтаған соң немен айналысатыныңызды шештіңіз бе?
— Бапкерлікке емтихан тапсыруды бастап кеткенмін. Алла қаласа, жаттықтырушы болсам деймін.
 
— Қалай ойлайсыз, легионерлер үшін Қазақстан футболы жоғары жалақыдан бөлек несімен қызық?
— Қазақстан футбол тек ақшасымен ғана тартымды дегенмен мүлдем келіспеймін. Мұнда өте білікті бапкерлер жұмыс жасайды. Шебер футболшылар жыл сайын ағылып жатыр. Ең бастысы, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік аласың.
 
— Қазақстанның жас футболшыларына өздерін одан әрмен дамыту үшін не жетіспейді деп ойлайсыз?
— Иә, Қазақстанда дарынды жастар өте көп. Жыл сайын небір жас шеберлерді көріп жатамыз. Дегенмен, өздерін одан әрмен дамыту үшін күн сайын жаттығуды үзбеу керек. Еңбексіз ештеңе болмайды.
 
— Ал "Ордабасы" келесі маусымда қай орынға таласатын болады?
— Соңғы үш жылда біз тек Еурокубокқа берілер жолдама үшін таласып келеміз. Келесі жылы да үздіктер қатарынан көріну үшін барымызды саламыз. Иншаллах, мақсатымыз орындалады деп сенемін. 


Автор: Александр Стрельников

sports.kz


 
 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 2468 )