РУС ҚАЗ
x

Жарыстар орталығы

  • Премьер-лига
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарБауырластықты нығайту

09 Сәуір 2013, 17:49

Отандық футболға қаржы құйып жатқан инвесторлардың қатарында компаниялар да, жеке тұлғалар да бар. Солардың бірі жайлы әңгімелегіміз келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – түркиялық кәсіпкер Өмер-Садық Ергүнеш. Бүгінде Қазақстанда тұратын бұл кәсіпкер «Ақтөбе» жастар құрамасының демеушісі. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия футболын байланыстыру жолында еңбек етіп жүр.

 


— Өмер, Қазақстан футболындағы еңбегіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
— Қазақстанда тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Ақтөбе менің екінші туған қалам болып кетті. Жергілікті футбол клубтарымен байланысым қалай орнады дейсіз бе? Бірде досым футбол ойынын көруге шақырды. Үйім стадионның дәл жанында болса да, алғашында қызығушылығым болған жоқ. Осыдан алты жыл болуы керек, бір күні ақыры стадионға келіп, «Ақтөбенің» ойынын тамашаладым. Ойын қатты ұнады. Қазақстанда футбол өнері жақсы дамығанын сонда байқадым. Әсіресе, стадиондағы атмосфера ұнады. Жанкүйерлер өз командасына керемет қолдау білдіріп, алаңдағы ойынды одан сайын әсемдете түсті. Содан керемет ойынға тәнті болдым да, күндердің күнінде «Ақтөбенің» жастар командасына демеуші болуға шештім. Уақытым болғанда негізгі құраммен бірге түздегі ойындарына бірге барамын. Сыншысымақтар не десе, о десін, менің ойымша Қазақстан футболы жыл өткен сайын дамып келеді. Түркияға жиі барып тұрамын. Сондықтан, екі елдің футболын салыстыра аламын. Меніңше, нөмірі бірінші спорт түрін дамыту барысында Қазақстан футбол федерациясының атқарып жатқан шаруалары орасан. Әлбетте, әлі атқарылар шаруалар көп. Өзім де футбол ойнаймын. Жастардың бұл ойынды қалай жақсы көретінін білемін. Егер осы бағыттарынан таймаса, алдағы бес жылда Қазақстан футболы өте жоғары белеске шығады. Ақпан айында Қазақстан ұлттық құрамасының Анталиядағы жиынында болдым. Сол кезде қазақ футболшыларына қызығушылық танытқан түркиялық клубтарды көріп таңғалғанмын. Бұл жақсылықтың нышаны.
 

— Бұл Түркия біріншілігінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық футболшылардың арқасы шығар?
— Әлбетте, солай. Алдымен Түркияға Давид Лория аттанды. Одан кейін Самат Смақов Босфор жағалауына жол тартты. Екеуі де «Ризеспор» сапында жасындай жарқылдап жүр. Ол екеуі Қазақстан футболы үшін жақсы жарнама. Түркияда Самат пен Давид өздерін Қазақстанда жүргендей сезінеді. Жергілікті журналистер жиі сұхбатқа шақырады. Мен олармен әрдайым хабар алысып тұрамын. Самат ақырындап түрікше үйреніп қалды. Бас бапкерлері де білікті. Әйгілі Мұстафа Денизли кезінде «Фенербахче» клубын жаттықтырған. Дегенмен, өз басым «Галатасарай» мен «Бешікташ» клубтарының жанкүйерімін.
    Сондай-ақ, тағы бір қуанышты жаңалықтан хабардар етейін. Бүгінде Түркияның ірі басылымдары «Ақтөбе» футбол клубы жайлы ақпараттар жинап жүр. Олар клубтың өмірі туралы бейнематериалдар жасағылары келеді. Ал Түркиядағы ірі компаниялардың бірі «Чайкур Ризеспор» Қазақстан футболының нарығына кіруді жоспарлап жүр. Олар еліміздегі клубтардың біріне демеуші болғылары келеді. Мен өз тарапымнан Қазақстан мен Түркия футболын одан әрі жақындастыру үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Түркия мен Қазақстан бауырлас елдер. Сондықтан, бір біріне серік болып, әрдайым қолдап жүрулері тиіс. Қазір Түркияда қазақ елінің екі ойыншысы өнер көрсетеді. Болашақта футболшылардың саны одан да артатынына сенімдімін.
 

— Ал Түркия Суперлигасының клубтары біздің ойыншыларды қажет етеді деп ойлайсыз ба?
— Әлбетте, керек етеді. Түркия Суперлигасының бірнеше клубтары қазақстандық ойыншыларға көз салып жүргенін білемін. Олардың ішінде «Ақтөбенің» екі ойыншысы бар. Уақыты келгенде отандық клубтарға ұсыныстар келер.
 

— Сіздің сүйікті командаңыз «Ақтөбенің» еурододаға ұмтылып жүргеніне біраз жыл болды. Қалай ойлайсыз, дәл қазір «Ақтөбе» еурододаның негізгі кезеңінде ойнауға дайын ба?
— Еуропа футболының деңгейі уақыт санап өсіп келеді. «Ақтөбенің» ойыны жыл сайын жақсаруда. Бірақ әзірге сәттілік жолдас болар емес. Соңғы үш жылда командаға жақсы шабуылшылар жетіспей жатты. Қазір бұл мәселе аздап шешілген сияқты. Енді еурододаның негізгі кезеңіне ұмтылуға болады деп ойлаймын.
 

— Түркиядағыдай жағдайға жету үшін Қазақстан футболына әлі не жетіспейді?
— Футбол – бұл шоу. Мұны бәрі түсіну қажет. Егер футболды ойын деңгейінен жоғары дәрежеге жеткізсек, жанкүйерлер де, футболшылар да көп нәрсе ұтар еді. Көрермендер стадионға кино немесе спектакльге келгендей болулары керек. Мысалға, Ақтөбеде футбол осындай деңгейге жеткен.

 

Сәкен Спанов, Ақтөбе

 
 

 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 1869 )