РУС ҚАЗ
Бiрiншi лига
x

Жарыстар орталығы

  • 1XBET WINTER CUP
  • OLIMPBET-Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Кубогы
  • Суперкубогы

ЖаңалықтарҚуаныш Бегалин: "Өзіңді шыңдай білсең, жеңіске жетесің"

29 Қараша 2012, 17:29

Жас шабуылшы "Ертіс" футбол клубына ауысуға шақ жүр дейді. Керекуліктердің бас бапкері Талғат Байсуфинов те бұл трансферді жоққа шығармайды.

Бегалин спорттық отбасыда өскен. Әкесі жас кезінде футбол ойнаған көрінеді. Шешесі гандболмен шұғылданған. Інісі жасыл алаңда қақпаны таңдапты. Клубта да сенімді әріптестерінің ортасында. "Экібастұзда" Қуаныш бірқатар голдарды командаласы Руслан Есімовтің тамаша пастарының арқасында соққан. Сондай-ақ, маусым ортасында командаға қосылған тәжірибелі Азамат Әубәкіров те жас футболшының шыңдалуына өз септігін тигізген.

Сұхбатымыздың кейіпкері Қуаныш Бегалин әңгіме барысында үлкен футболда кімді үлгі тұтатынын, өткен маусымның қиындықтарын және алдағы жоспарларын жайып салды.

– Бұл маусым сен үшін сәтті болды. Біріншіліктің үздік сұрмергені атандың. Премьер-лига клубтарынан құда түсушілер көбейді ме?
– Мен үшін сәтті маусым болғанымен командам біраз қиындықтарға тап болды. Ал ұсыныстарға келсек, әзірге ешкімнен шақырту түскен жоқ. Сондықтан, бұл туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Демалыстан шығайын, бәлкім сол кезде бұл жағы анық болар.

– Алдағы жоспарың қандай?
– Әзірге ешнәрсеге бас қатырып жүрген жоқпын. Маусым енді ғана аяқталды ғой. Не болса да, қыста белгілі болар.

– Осы маусымда өзің үшін қай кездесу бәрінен қиын болды?
– Ең қиыны дейсіз бе? Бәлкім, соңғы турдағы "Астана-1964" клубына қарсы ойынды айтуға болатын шығар ("Екібастұз" 0:5 есебімен ойсырай жеңілген болатын — авт).

– Ал қай клубты үздік санайсың? «Астану-64» пе, әлде «Іле-Сәулет» пе?
– Меніңше, «Іле-Сәулет». Бекер чемпион болған жоқ қой. Бұл командада тәжірибелі ойыншылар өте көп. Биыл олар Премьер-лигаға лайықты ойын үлгісін көрсете алды.

– Бұған дейін сенің сұрмергендік қасиетіңді байқай алмай келіп едік. Биыл бар өнеріңді көрсетіп, бәрінен озып шықтың...

– Иә, шынымен де. Бұрын оңайлықпен гол соға алмайтынмын. Бәлкім, сәттілік жолдас болған шығар. Оның үстіне, өзіңді шыңдай білсең жетістіктерге де жете береді екенсің.

– Сен жасыл алаңда әу бастан шабуыл шебінде ойнайтын ба едің?
– Әуелде алаң ортасында, жартылай қорғаушы болатынмын. Кейін бапкерлер мені алғы шепке шығарды. Міне, содан бері шабуылшымын.

– Ал Евгений Скоробогатский... Сенің футболшылық ғұмырыңда бұл маманның рөлі қандай?
– Әзірге, футболшылық ғұмырымда "асап тастаған" ешнәрсем жоқ. Дегенмен, менің футболшы ретінде қалыптасуыма тигізген септігі мол. Бірінші жаттықтырушым ғой. Басында бір жыл жаттықтырды. Үнемі ақылын айтып, кемшіліктерімді түзетуге тырысатын. Кейін Қуаныш Өтеулевтің қол астында жаттықтым. 2006 жылы қайтадан Евгений Николаевичтің командасына ауыстым. Ол мені футбол мектебінен алып кетті де, "Батыр" клубына қосты.

2010 жылы Қуаныш Қарағандының "Шахтеріне" ауысты. Өкінішке қарай, тұрақтай алмады. Бәлкім, енді "Ертіс" жас дарынның жолын ашып, жоғарғы деңгейдегі ойындарға қатыстырып, бағын жандырар.

– «Шахтер» сапында неліктен тұрақтай алмадың?
– Ол кезде мен бұл командада өнер көрсетуге дайын болмадым. Мүмкін физикалық тұрғыда, бәлкім психологиялық тұрғыда... Ол жағын тап басып айта алмаймын. Бәрін шешетін бапкер ғой.

– Әлемдік футболда кімді үлгі тұтасың?
– Кумир дейді ғой жұрттар. Менің кумирім жоқ, дегенмен Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың ойындары ұнайды. Өте шебер және кез-келген болмашы мүмкіндікті голға айналдыра алатын қасиеттерін бағалаймын. Меніңше, бұл әлемде оларға бәсекелес бола алатын футболшы жоқ. Ал бұл екеуі бір-біріне қарсы ойнағанда тіптен қызық. Нағыз тартыс сонда болады. Әр қимылдарын жіті қарап отырамын. Ойындарынан көрермен ретінде ләззат алуға болатын футболшылар ғой.

– Қай клубқа жанкүйерсің?
– Бала кезімнен «Манчестер Юнайтед» командасының жанкүйерімін. Маған олардың комбинациялық ойындары ұнайды. Ойыншыларын құрмет тұтамын. Әсіресе, Райан Гиггз, Пол Скоулз, Рио Фердинанд сынды саңлақтар бар мақтау мен құрметке лайық. Ал бас бапкері сэр Алекс Фергюсон туралы әңгіме мүлдем бөлек. Идеал бапкер ғой.

– Соңғы сұрақ. Премьер-лига командаларының бірінің негізгі құрамында ойнау мүмкіндігің қалай? Дайынсың ба?
– Премьер-лигада доп тебуге ынтам зор. Бүгінде бар ойым тек премьер-лига. Физикалық тұрғыдан да дайынмын деп ойлаймын. Бірақ әзірге бұл жайында ешнәрсе айтпай-ақ қояйын. Бәрін де уақыт көрсетеді.


Автор: Ербол Қайыров
sportinfo.kz
 

PFLK TV