РУС ҚАЗ
OLIMPBET-Чемпионаты
x

Жарыстар орталығы

  • 1XBET WINTER CUP
  • OLIMPBET-Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Кубогы
  • Суперкубогы

ЖаңалықтарҰлықбек Бақаев — 2012 жылғы ел біріншілігінің үздік сұрмергені

16 Қараша 2012, 11:52

Өзінің әсем голдарымен, сондай-ақ ашық мінезділігінің арқасында Қазақстан жанкүйерлерінің сүйікті ойыншыларының біріне айналған тәжірибелі шабуылшы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына арнайы сұхбат берді.

 

— Ұлықбек сіз "Ертіс" сапында ғана емес, "Тобыл" және "Жетісу" клубтарында да көптеген голдардың авторы атанғансыз. Сұрмергендігіңіздің сыры неде?
— Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Гол соғып, көзге түсіп жатсам, бұл менің ғана емес, бүкіл әріптестерімнің еңбегі. Солардың арқасы. Қай командаға барсам да, қасыма шебер ойыншылар жиналды. Жасыл алаңды керемет көре білетін солардың әдемі пастарының арқасында біраз голдың авторы атандым. Сондықтан, командаластарыма әрдайым ризамын. Бапкерлердің де еңбегін ескермеске болмайды. Сонымен қатар, командаңның ауыз біршілігі мол болғаны жақсы. Мәселен, "Ертіс" сапындағы жігіттердің барлығы бір-бірімізбен бауырлас болып кеттік.


— Ұлықбек, сіздің шеберлігіңізге дау жоқ. Бірақ, шыны керек, журналистер де, бапкерлер мен мамандан да бірінші ретте футболшының жасына қарайды. Отыздан асқан ойыншыларды зейнетке шығара бастайтыны да жасырын емес. Сіз болсаңыз, қарашаның 28-інде 34-ке келесіз. Орталық шабуылшы үшін бұл аз емес. Шаршағандығыңызды байқайсыз ба?
— Ағзамда ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бес жыл бұрын қандай болсам, қазір де сондаймын. Мысалы, кенет шабуылға лап қойып, қарсыласымды бір қимылмен-ақ алдап өте аламын. Қажет болса, қорғаныста да көмегімді аямаймын. Яғни, физикалық тұрғыда толық дайынмын.


— Қазақстанда доп теуіп жүргеніңізге бірнеше жылдың жүзі болып қалыпты. Қалай ойлайсыз, Премьер-лигамыздың деңгейі өсуде ме?
— Иә, әлбетте. Қарапайым ғана мысал, сұрмергендердің көрсеткіштеріне назар аударып көріңізші. Уақыт өткен сайын шабуылшыларға гол соғу қиындап барады. Бәрі де алаңда барын сала ойнайды. Бұрынғыдай ешкімді де қалпақпен ұрып ала алмайсың. Шебер легионерлер легі де артты. Сондықтан, Қазақстан футболы жоғары қарқынмен дамып келеді деуге толық құқымыз бар.


— Ел біріншілігінің үздік сұрмергені болғандықтан қорғаушылар да сізге қарсы барын сала ойнайтын шығар.

— Иә, шынымен де солй… (күліп). Кейде бірінші минуттан-ақ маған доп жеткізбеуге тырысып, жан-жақтан қыспаққа алады. Пас жетпеу үшін жан жағымнан жауып тастаған кездері де болды. Сондай кездері өте қиын. Әсіресе, саған қарсы матч бойы бір қорғаушы ойнайтын болса, тіптен жаман. Жаныңнан қалмай қояды.


— Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. Әлі қанша уақыт жасыл алаңда доп теппексіз?

— Күшім барда ойнай беремін. Ал егер шаршағанымды сезіп, бұрынғы Бақаев емес екенімді байқасам, өзімнің атымды кірлемес үшін дереу футболды қоямын. "Ұлықбек шау тартып қалыпты. Бұрынғыдай емес" деген әңгімелерді естігім келмейді. Әйтеуір, ақша табудың қамымен командаларды қорлап, басқа біреудің орнын тартып алу дұрыс емес.


— Ел кубогының финалында "Ертіске" көмектесе алмадыңыз...

— Иә, жағдай солай болып қалды. Өзбекстан құрамасына шақыртылып, сонда баруыма тура келді. Әлбетте, "Ертістің" басшылығы мені алып қалу үшін барлығын жасады. Бірақ Өзбекстан ұлттық құрамасының бапкерлері де өз айтқандарынан қайтпай тұрып алды. Өйткені, Өзбекстан бұл күні әлем чемпионаты іріктеу додасының аясында өте маңызды кездесуін өткізген. Сондықтан, Кереку жанкүйерлері мені түсінеді деп үміттенемін. "Ертістің" жеңе алмағаны өкінішті. Дегенмен, келесі жылы кубокты басымыздан асыру үшін бар күшімізді саламыз.

PFLK TV