РУС ҚАЗ
OLIMPBET-Чемпионаты
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-Кубогы
  • OLIMPBET-Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • OLIMPBET-Суперкубогы
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарЕкі ұшты әсер

29 Тамыз 2012, 16:03

Өткен демалыста мен Көкшетауда болдым. Іс-сапар барысында клуб басшылығымен кездесуден бөлек, клубтың жалпы жағдайы мен қаладағы футболдың даму барысымен танысып шығуды жоспарлаған едім. Жоспарым орындалды. Бірақ, екі ұшты әсермен оралдым.
 

Әлбетте, егер клуб маусым басынан бастап соңғы орында келе жатқан болса, оның жағдайы дұрыс емес екені түсінікті. Шынымен де проблемалары мен қиыншылықтары жетіп артылады екен. Қалада ғана емес, бүкіл аймақта футбол инфрақұрылымы нашар дамыған. Ойын және жаттығу алаңдары өте қат. Бар болғанның өзінде сын көтермейтін дәрежеде. Көкшеліктердің негізгі аренасының мүшкіл халде тұрғанына да көп болды. Тіпті, жан ашырлық күйде. Резервтік стадионның трибунасы да қолдануға жарамсыз, тиым салынған. Алаң сапасы туралы айтудың өзі артық.
 

Сапалы жаттығуға жағдайдың жоқтығы былай қойғанда маусым басында-ақ клуб басшылығында команда құрамын жасақтау кезінде проблемалар туындаған екен. Қанша талпынғанмен басшылық пен бапкерлер кеңесі бәсекеге қабілетті команданы жасақтап шығара алмаған. Оны айтасыз, клуб басшылығын тағайындаудың өзінде бірден шешім қабылданбаған. Маусым басынан бері клубта үш директор өзгеріпті. Нәтижесінде жас, әрі еңбекқор маман Берік Тәжібаевтың кандидатурасына тоқталған.
 

Кездесу барысында мынаған көз жеткіздік. Егер әлгіндегідей кедергілер мен проблемалар туындамаса, клубтың турнир кестесіндегі жағдайын өзгертуге болады екен. Қазірдің өзінде команда жағдайын жақсарту жолында жұмыстар атқарылуда. Дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу үшін "Оқжетпес" стадионы клуб еншісіне берілді. Келесі жылы стадионда күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарлануда. Соның аясында алаң сапасын жақсартуға да күш салынады. 
 

Дегенмен, бір көңіл қуантқаны — клубтың футболды дамытуға бар күшті жұмсауға уәде беріп отырғандығы болды. Көкшетауда футбол ақырындап өшіп барады. Аймақта футболды дамытудағы жұмыстар азайып кеткен. Бірақ клуб сонда да мойымайтынын білдірді. Тіпті, жас футболшыларды дайындау мен балалар-жасөспірімдер футболын жаңа белеске шығару үшін өз меншігінен осы бағытта орталық ашқысы келмек. Әлбетте, клубтың ұмтылысын облыс басшысы да қолдап, назарынан тыс қалдырмайды деген үміттеміз. Негізі, менің ойымша, өте керемет жұмыс атқаруда. Кінәлілерді іздеумен емес, проблемаларды шешуге ұмтылуда. Жалпы, соңғы кездері көбісі "Оқжетпесті" бірінші лигаға ұшып кетуіне де, Премьер-лигаға қайта оралуына да үйреніп кетті ғой. Бәлкім, сол кездері клубқа мықты басшылық жетіспеген болар. Біз бұдан әрі де осы аймақтағы футболдың дамуын назарымызда ұстайтын боламыз.
 

Өзімнің келесі іс-сапарымды қыркүйек айының басына жоспарлап отырмын. Шығыс Қазақстан облысына барып, бірінші лигада өнер көрсететін "Спартак" пен "Востоктың" жағдайымен танысып қайтамын.
 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 1435 )